Amanat партиясы БҚО тұрғындарына көмек жөнелтті

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға «АMANAT» партиясы көмек жібере бастады.

Батыс Қазақстан облысында саяси ұйым филиалының қызметкерлері мен мәслихат депутаттары бір күндік жалақысын аударды. Сондай-ақ Орал қаласында жинақталған гуманитарлық көмектің алғашқы легін тасқыннан ең қатты зардап шеккен Қаратөбе ауданына жөнелтті.

Күн күрт жылынып, еріген қар суына бірнеше күн толассыз жауған нөсер суы қосылып, Батыс Қазақстан облысы тұрғындарын әбігерге салды. Қаратөбе ауданында Жақсыбай өзені арнасынан асып, Қоржын елді мекенінен толықтай шайып кетті. Құтқарушылар тұрғындарды түгелдей аудан орталығына эвокуациялады. Қиын жағдайға тап болғандарға «АMANAT» партиясы гуманитарлық көмек жіберді.

Азамат Сафималиев, «АMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы:

- Бүгін Қаратөбе ауданына бірінші көмегімізді жіберіп жатырмыз.Өздеріңіз білесіздер қиын жағдайда кейбір азамттар тек қана құжатпен, қаражатпен шығып кетеді. Қалған заттарды алатын уақыты да жоқ. Ең біріншіден жылы киімдер, кішкентай балдарымызға, үлкен ересек азаматтарымызға жылы киім, резина етіктер, және бір газель азық түлік кетіп бара жатыр. 

Сын сағатта аудан жастары да қол қусырып отырған жоқ. «Жастар Рухының» белсенділері құтқарушыларға ыстық тамақ үлестіріп, бөгеттерді бекітуге жәрдем беріп жатыр. Өкінішке қарай, су басқан кейбір ауылдармен көлік қатынасы тоқтаған. Десе де партия мүшелері су жайылған барлық елді мекен тұрғындарына көмек көрсетуге ниетті.

Азамат Сафималиев, «АMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы:

- Таңнан бастап қаражат жиналып, қазіргі таңда 5 миллиондай қаражат жиналды. Ертеңге де жоспарымыз тұр келесі ауданға жіберуге. Біздің көмегіміз бірінші тиіп жатқан. Облыстық деңгейде де үлкен жұмыстар жасақталып жатыр.

Алдағы күндері партияның облыстық филиалының мамандары төтенше жағдай жарияланған аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілегін тыңдамақ. Соған сай материалдық көмек көрсетіп, нысандарды қалпына келтіруге қажетті құрылыс материалдарын да жеткізіп беруді жоспарлап отыр.

Талғатбек Әбдіқожа, Болат Жарылғасов