Бұланды ауданында қарғын судың қарқыны қайтты

Ақмола облысының Бұланды ауданында қарғын судың беті қайтып, жағдай тұрақтала бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Эвакуацияланған тұрғындардың бәрі үйіне оралды. Қазір тасқын салдарының шығын көлемі есептеліп жатыр. Комиссия ауылдарды аралап, көшпелі өтініш жинау шарасын ұйымдастырды.

Вознесен – қызыл судан зардап шеккен ауылдың бірі. Елді мекендегі 20-дан астам үйді су басқан. Қазір тұрғындар баспаналарына оралып, су астында қалған дүние-мүлкін ретке келтіріп жатыр. 

Олеся Лузгина, Вознесен ауылының тұрғыны:

- Үйге су кіреді деп ойламадық. Ең әуелі немерелерімізді сыртқа шығардық. Қазір су толық сорылды. Комиссия келіп, бүлінген заттарды есептеп кетті.

Бұдан бөлек, Капитонов, Журавлев және Купчанов ауылдарындағы жағдай да тұрақталды. Су шайып кеткен жолдар мен көпірлер қалпына келтіріліп жатыр.

Азамат Алдабергенов, «Макинск жылу» кәсіпорны директорының м.а.:

- 4 жерден су шайып кеткен су тасқыны кезінде. Ол түнгі уақытта болған. Қазір 2 ойды жаптық. Оның арасында су өткізетін құбыр салдық. Одан кейін тағы бір ой бар. Ең бірінші біз ауыр-ауыр тас салып жатырмыз. Үстінен ұсақ тастар мен дресва салып жатырмыз.

Қазір ауыл тұрғындары біржолғы өтемақыны алып жатыр. Ал шығын көлемі бағалау шараларынан кейін толық өтеледі.

Раушан Хожабай, «AMANAT» партиясы Бұланды аудандық филиалының төрағасы:

- Шығын көлемі бағаланып болғаннан кейін үйінде қанша техника бүлінді, үйінің қанша жері бүлінгені анықталып, комиссия отырысы болып, соған лайықты төлем төленеді. Әрбір үйге кіріп, үйлерін бағалап, соған акт жасалып, соған байланысты төленеді.

Жалпы Бұланды ауданында 300-ге жуық үйге су кіріп, 500-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. 

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.