Жайықтың суы құрғаған көлдерге жетті

Жайық өзенімен келіп жатқан мол судың ауыл шаруашылығына пайдасы ұшан-теңіз, – дейді мамандар.

Қазір Батыс Қазақстан облысындағы Көшім суландыру жүйесіне секундына 130 текше метр су құйылып жатыр. Киров, Бітік су қоймалары транзиттік режимге көшкен. Одан кейінгі Дөңгелек пен Пятимар су қоймаларынан шыққан су көлтабандарға жайылып, құрғап қалған көлдерді толтырып жатыр.

Оралдан 45 шақырым жердегі Көшім каналына су Жайықтан шығады. Әуелі Киров, одан кейін Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларына жетеді. Биыл бұл көлдер 80%-ке толып тұр. Жолшыбай жан-жаққа тарамдалған каналдар Ақжайық, Казталов, Жаңақала аудандарындағы көлтабандарды толтырады. Сонда шаруалар мал азығынан еш қиналмайтын болады.

Айбек Тасанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Осыған шейін су болмай, мал ішетін су болмай, сондай қиындықтар туындап еді, биыл жақсы. Биыл енді жақсы шөп аламыз деген ойдамыз. Мысалы, жақсы деген жерден 50 гектардан мың рулонға шейін алып жүрдік. Былтырдан бері өнімі жақсы, өте керемет.

Жаңақала ауданында 48 мың гектар көлтабан болса, соның биыл 35 мыңына су шығару жоспарланған. Өткен жылы 22 мың гектар жерге тіршілік нәрі тарапты. Әр гектардан 14 центнерден шөп шабылған. Ауданда 90 мың ірі қара, 30 мың жылқы, 150 мың қой-ешкі бар. Мал азығын дайындаумен қатар Жайықпен келген мол су өңірдің экожүйесіне де оң әсер етпек. 5-6 жыл бұрын қуаңшылық кезінде көлдердің көбі кеуіп қалған еді.

Алпамыс Көшкінбаев, Жаңақала ауданының әкімі:

- 3 суландыру жүйесі бойынша су алынып жатыр. Бұл – Қараөзен, Сарыөзен және Көшім жүйесі. Аудан көлемінде 18 көлдеріміз бар. Көшім жүйесі бойынша Соркөл, Жалтыркөл, Еділсор көлдеріне де су өткен жылдан бастап түсіп жатыр. Тиісті деңгейде суды тиімді пайдалану мақсатында «Қазсушармен» бірге жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.

Ауданда 426 шақырым канал болса, соның 251 шақырымы аудан теңгерімінде. Оларды уақтылы тазалап, күтіп-ұстау мақсатында барлық арналарды «Қазсушар» кәсіпорнына беру керек, – дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.