Таза Қазақстан: Абай облысы орманды қалыпқа келтіріп жатыр

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Абай облысында қызу жалғасып жатыр.

Қарағайлы орманды қалпына келтіруге өңірде баса назар аударылған. Көшет егу бойынша экологиялық акцияға мыңға жуық адам қатысты.

Экологиялық акцияның биылғы апталығы «Жасыл аймақ» атауымен басталды. Бұл жолы Бородулиха ауданынын көгалдандыру жөнінде шешім қабылданған. Акцияға қатысушылар Воскресеновка ауылының орман алқабына асықты.

Арайлым Әлімжанова, Абай облысы бойынша әйелдер күштері альянсының төрағасы:

- Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан әйелдер күштері альянсы, Жас қанаттар 100 шақты адам бүгінгі Таза Қазақстан акциясына өз үлесімізді қосуға келдік.

Экологиялық акцияға мыңға жуық адам қатысты. Олар әртүрлі ұйымдардың еңбек ұжымдары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, қоғам қайраткерлері, волонтерлер мен студенттер. Бес гектар аумаққа үш сағаттың ішінде 23 мың қарағай көшеті егілді.

Ғани Алпысшалов, "Семей орманы" МОТР директорының орынбасары:

- 6100 га  егістік жұмыстар өткізіледі. Ол екіге бөлінген 5139 га ол көктемгі жұмыстар. Қалғаны күзгі жұмыстар. Өсіп үлкен орман болады, нәтижесін береді деген үміттеміз.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Осы облыс жастары, волонтерлер, аудан тұрғындары осыған белсенді қатысуда. Осы әлемде теңдесі жоқ қарағайлы орманымызды күтіп, көшет отырғызып жатыр. Қазір осы белсенді қатысып жатқан жерлестеріме шынай алғысым мен ризашылығымды білдіремін.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері өңірде барлығы 50 мың көшет егілді. Орманды қалпына келтіруді 2025 жылға дейін жеделдету үшін "Семей Орманы" резерватында 119 миллион жас қарағай егу жоспарлап отыр.

Достық Талғатұлы, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов