Қызылордалық еріктілер мен ұжымдар «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы «Жасыл аймақ» апталығына Қызылордадағы мекеме ұжымдары белсене атсалысты.

Игі шараны өңір дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері бастап берді. Көркейту-көгалдандыру жұмыстары танымдық шаралармен жалғасты.     

Еңбек ардагерлері мен ерікті жастар Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» саябағына көшет екті. Қоршаған ортаны көркейтіп-көгалдандыру акциясы «Бауырсақ патиге» ұласты. Еңбектің наны тәтті демекші, игі шараға жұмылған қауым ыстық бауырсақтан сүйісіне дәм татты. 

Өмірбек Шәменов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

- Облысымызда 80 мыңның үстінде ардагерлер бар ғой. Соның барлығы жастармен бірге ағаш егу, тазалық жұмыстарын бірге жүргізіп жатырмыз. Бұл біздің жастарымызға деген ардагерлердің бағыт беруі.

Аға буын бастап берген «Жасыл аймақ» апталығы өңірдің барлық елді мекенінде өтеді. Оған еріктілер мен ұжымдар түгел қатысып жатыр. Мысалы, Шиелі ауданындағы уран өндіруші кәсіпорындар мен Иіркөл кенішінің қызметкерлері де мекеме аумағын абаттандырды.

Мұқанбетжан Салқынбаев, Шиелі аудандық мәслихат депутаты:

- Аумағымызда 6 мыңға жуық тал мен көшет егіліп, күтіп-бапталып жатыр. Биылғы жылы 600 түп жаңа көшет егіп, оны да баптап, күтіп жатырмыз. Жалпы, өздеріңіз білесіздер, біздің Иіркөлдің аумағы құмды мекен болғаннан кейін топырақтың бәрін таза, құнарлы жерден алып келіп, осылай жасыл желекке айналдырып отырмыз.

Бағдат Ғаниев, Иіркөл кенішінің өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі инженері:

- Шөп жұлғанның өзінде адам шамалы рақаттанады, демалады. Сол мақсатта да бір жағынан ертең үлкен тал боп өссе, саясында отырып, көлеңкесінде отырып демалғанннаң өзі қандай демалыс!

Аталған мекемелерден тазалық жұмыстарына 50 адам, 7 техника жұмылдырылып, 500 түп ағаш егілді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.