RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Бұл – лауазымды тұлғаның ақшасы емес!»: Депутат «Халықтық құрылыс» жобасына бөлінетін қаржыны цифрлық бақылауға алуды ұсынды

02.11.2026, 09:20 43

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» жобасына бөлінетін 6,5 трлн теңгенің мақсатты әрі ашық жұмсалуын цифрлық технологиялар арқылы бақылау ұсынылды. Атап айтқанда, құрылыс барысын тәулік бойы бейнебақылауға алып, жасанды интеллект көмегімен жұмыстардың кестеге сай орындалуын қадағалау қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың пікірінше, ауқымды құрылыс жобаларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылаумен қатар заманауи цифрлық тетіктерді де пайдалану керек. Мәселен, нысандарды іріктеу кезінде ашық платформалар арқылы тұрғындардың пікірін ескеруге болады. Ал құрылыс басталғаннан кейін қаражаттың қозғалысын цифрлық теңге тетігі арқылы бақылау мүмкіндігін қарастыру қажет.

Қазір ең маңыздысы – тұрғындар көптен күткен жобаларды таңдау. Бұл үдеріс әділ әрі ашық болуы керек. Құрылыс басталғаннан кейін оның барысын 24 сағат бойы бейнебақылау арқылы көруге мүмкіндік бар. Оны жасанды интеллектпен байланыстырып, жұмыстардың белгіленген кестеге сай орындалуын қадағалауға болады, – деді Аббат Өрісбаев.

Оның айтуынша, жобалардың жүзеге асуын Құрылтай депутаттары, мәслихат мүшелері, қоғамдық кеңестер мен жергілікті белсенділер де бақылауы қажет. Бұл нысандардың уақытында аяқталып, сапалы салынуына ықпал етеді.

Депутат бұған дейінгі ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесінде қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы мен құрылыс жұмыстарының тиімсіз ұйымдастырылуы сияқты мәселелер болғанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар халықтың мемлекеттік жобаларға деген сенімін төмендетеді. Сондықтан жаңа бастамада қаржының жұмсалуына бақылауды күшейтіп, жауапты тұлғалардың міндетін нақтылау қажет.

«Халықтық құрылысқа бөлінген қаржы – қандай да бір лауазымды тұлғаның немесе мекеменің қаражаты емес. Бұл – халықтың өз байлығы, халықтың қаражаты. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейтіп, барлық цифрлық технологияны қолдану керек. Сонда жауапкершілік те жоғары болады», – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, 2029 жылға дейін «Халықтық құрылыс» жобасына 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Оның 1,5 трлн теңгесін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында бағыттау көзделіп отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz