«Халықтық құрылыс» жобасына бөлінетін қаржыны цифрлық бақылауға алу ұсынылды
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» жобасына бөлінетін 6,5 трлн теңгенің мақсатты әрі ашық жұмсалуын цифрлық технологиялар арқылы бақылау ұсынылды. Атап айтқанда, құрылыс барысын тәулік бойы бейнебақылауға алып, жасанды интеллект көмегімен жұмыстардың кестеге сай орындалуын қадағалау қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Депутаттың пікірінше, ауқымды құрылыс жобаларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылаумен қатар заманауи цифрлық тетіктерді де пайдалану керек. Мәселен, нысандарды іріктеу кезінде ашық платформалар арқылы тұрғындардың пікірін ескеруге болады. Ал құрылыс басталғаннан кейін қаражаттың қозғалысын цифрлық теңге тетігі арқылы бақылау мүмкіндігін қарастыру қажет.
Қазір ең маңыздысы – тұрғындар көптен күткен жобаларды таңдау. Бұл үдеріс әділ әрі ашық болуы керек. Құрылыс басталғаннан кейін оның барысын 24 сағат бойы бейнебақылау арқылы көруге мүмкіндік бар. Оны жасанды интеллектпен байланыстырып, жұмыстардың белгіленген кестеге сай орындалуын қадағалауға болады, – деді Аббат Өрісбаев.
Оның айтуынша, жобалардың жүзеге асуын Құрылтай депутаттары, мәслихат мүшелері, қоғамдық кеңестер мен жергілікті белсенділер де бақылауы қажет. Бұл нысандардың уақытында аяқталып, сапалы салынуына ықпал етеді.
Депутаттың сөзінше, 2029 жылға дейін «Халықтық құрылыс» жобасына 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Оның 1,5 трлн теңгесін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында бағыттау көзделіп отыр.
Аббат Өрісбаев бұрынғы ірі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесінде қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы мен құрылыс мерзімдерінің созылуы сияқты мәселелер болғанын атап өтті. Сондықтан жаңа бастамада қаржының әр кезеңдегі қозғалысы ашық көрсетіліп, жауапты тұлғалардың міндеті нақты белгіленуі керек.
Бұдан бөлек, депутат жобаларды әзірлеу кезінде отандық құрылыс материалдарын пайдалануға және жергілікті мамандарды жұмысқа тартуға басымдық беру қажет екенін айтты.