Алматы қаласында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралу маусымының басталуына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мамандардың мәліметінше, аурушаңдық деңгейі өткен жылғы көрсеткіштермен шамалас, деп хабарлайды 24KZ.
Соңғы аптада мегаполисте ЖРВИ-дің 17 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға төмен. Ауруға шалдыққандардың 9 мыңнан астамы – бала. Маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты қалалық Клиникалық инфекциялық ауруханада төсек-орын қоры көбейтілген. Қазіргі уақытта стационар 300-ден астам науқасты қабылдай алады. Жансақтау бөлімі де кеңейтілді. Қазан айының басынан бері ауруханаға респираторлық инфекция белгілерімен 1 мың 700-ден астам адам жүгінген. Олардың 1 мың 200-ге жуығы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер әсіресе жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөліп отыр. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері медициналық көмекке 300-ден астам болашақ ана жүгінген. Олардың үштен екісі стационарлық емге жіберіліпті. Ауруы ауыр өткен науқастарға зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Гауһар Қаткенова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
– Санитарлық қызмет қалада таралған вирустар мен инфекциялардың айналымына тұрақты түрде зертханалық бақылау жүргізіп келеді. Зертханалық мониторинг нәтижесінде эпидемиологиялық маусым басталғалы бері тұмаудың 25 зертханалық расталған жағдайы анықталды. Оның 22-сі – А типті H1N1 тұмауы, ал үшеуі – В типті тұмау. Сонымен қатар қалада тұмаудан бөлек, басқа да респираторлық вирустық инфекциялар айналымда жүр. Атап айтқанда, риновирус, парагрипп, бокавирус және маусымдық коронавирус анықталды. Белгісіз вирустар тіркелген жоқ.
Тегтер #ЖРВИ #Алматы #инфекцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz