Алматыда ЖРВИ жағдайы 39% төмендеді

Алматы қаласында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралу маусымының басталуына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мамандардың мәліметінше, аурушаңдық деңгейі өткен жылғы көрсеткіштермен шамалас, деп хабарлайды 24KZ.


Соңғы аптада мегаполисте ЖРВИ-дің 17 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға төмен. Ауруға шалдыққандардың 9 мыңнан астамы – бала. Маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты қалалық Клиникалық инфекциялық ауруханада төсек-орын қоры көбейтілген. Қазіргі уақытта стационар 300-ден астам науқасты қабылдай алады. Жансақтау бөлімі де кеңейтілді. Қазан айының басынан бері ауруханаға респираторлық инфекция белгілерімен 1 мың 700-ден астам адам жүгінген. Олардың 1 мың 200-ге жуығы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер әсіресе жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөліп отыр. Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері медициналық көмекке 300-ден астам болашақ ана жүгінген. Олардың үштен екісі стационарлық емге жіберіліпті. Ауруы ауыр өткен науқастарға зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

Гауһар Қаткенова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Санитарлық қызмет қалада таралған вирустар мен инфекциялардың айналымына тұрақты түрде зертханалық бақылау жүргізіп келеді. Зертханалық мониторинг нәтижесінде эпидемиологиялық маусым басталғалы бері тұмаудың 25 зертханалық расталған жағдайы анықталды. Оның 22-сі – А типті H1N1 тұмауы, ал үшеуі – В типті тұмау. Сонымен қатар қалада тұмаудан бөлек, басқа да респираторлық вирустық инфекциялар айналымда жүр. Атап айтқанда, риновирус, парагрипп, бокавирус және маусымдық коронавирус анықталды. Белгісіз вирустар тіркелген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: