RU
Толық нұсқаға өту

Президент Бавария бизнес өкілдерімен кездесті

30.09.2026, 19:05 41

Берлиннен кейін Мемлекет басшысының Германиядағы сапары Мюнхенде жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрімен кездесіп, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады. 

Сонымен қатар Президент Баварияның бизнес өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында Қазақстандағы бірлескен жобалар сөз болды.

Сағыныш Әбікей, тілші:

- Мюнхен – Германияның оңтүстігінде орналасқан елдегі ең бай қалалардың бірі. Әлемге әйгілі BMW автокөлік концернінің отаны. Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенге бұған дейін де сапарлаған, бұл жолғы келістің жолы мен жөні бөлек. Президент бавар бизнесінің алыптарымен кездесіп, Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылу рәсіміне қатысады.

Сапар саяси байланыстардан басталды. Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен жүздесті. Бавар елімен энергетикалық әріптестік мәселесі талқыланды. Қазақстан Баварияға жылына шамамен 7-8 млн тонна шикі мұнай жеткізеді. Ұзақ мерзімді әріптестіктің төрт негізгі бағыты белгіленді. Олар: энергетика, шикізат, экологиялық технологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы, агротехнологиялар және өнеркәсіптік технологиялар. Президент Мюнхенде үш кездесу өткізді. Соның бірі – Siemens компаниясының өкілі.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Жалпы Қазақстанда Siemens компаниясының рөлі бөлек. Siemens энергетика саласында және индустриялық ынтымақтастық бағытында Қазақстан экономикасының дамуына үлкен үлес қосып жатыр. «Самұрық-Қазына» бағыты бойынша біз Siemens Energy компаниясымен тығыз байланыстамыз. Олар бізге электр турбиналары мен генераторлық жабдықтарды жеткізіп жатыр. Яғни газ-бу қондырғылары бойынша жұмыс жүргізілуде. Түркістан станциясында Siemens технологиясы толыққанды қолданылды. Сонымен қатар Алматыдағы ЖЭО-2-де және «Karabatan Utility Solutions» бу-газ қондырғысы бар электр станциясында да Siemens технологиясы қолданылды. Енді олар Қазақстанда бізбен бірлесіп тиісті оқу-жаттығу орталығын ашуды жоспарлап отыр.

Президент бүгін Linde компаниясының өкілімен де жеке кездесті. Бұл өнеркәсіптік газдар мен инженерлік технологиялар саласында жұмыс істейтін жаһандық компания. Олар қазір біздің «Қармет» комбинатымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Олар Қазақстан экономикасына екі жүз млн доллардан астам инвестиция салған. 

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Үшінші кездесу Aurubis компаниясымен өтті. Aurubis – мыс өндіретін компания. Оның нарықтық капитализациясы 7 млрд еуроны құрайды. Компания жылына 1 млн тоннадан астам мыс өндіреді, оның 50 пайызы қайта өңдеу технологиялары арқылы өндіріледі.

Кездесу барысында Қазақстанда жаңа өндіріс зауытын ашу перспективалары талқыланды. Жалпы, Aurubis компаниясы Қазақстанға инвестиция салуға дайын екенін білдірді.

Сағыныш Әбікей, тілші:

- Айта кетейік, бұл – Мемлекет басшысының Германияға ресми сапарының Мюнхендегі бөлігі. Берлинде өткен келіссөздер барысында Қазақстан мен Германия арасында жалпы құны шамамен 2 млрд доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Авторлары: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz