Президент Бавария бизнес өкілдерімен кездесті

Берлиннен кейін Мемлекет басшысының Германиядағы сапары Мюнхенде жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрімен кездесіп, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады. 

Сонымен қатар Президент Баварияның бизнес өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында Қазақстандағы бірлескен жобалар сөз болды.

Сағыныш Әбікей, тілші:

- Мюнхен – Германияның оңтүстігінде орналасқан елдегі ең бай қалалардың бірі. Әлемге әйгілі BMW автокөлік концернінің отаны. Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенге бұған дейін де сапарлаған, бұл жолғы келістің жолы мен жөні бөлек. Президент бавар бизнесінің алыптарымен кездесіп, Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылу рәсіміне қатысады.

Сапар саяси байланыстардан басталды. Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен жүздесті. Бавар елімен энергетикалық әріптестік мәселесі талқыланды. Қазақстан Баварияға жылына шамамен 7-8 млн тонна шикі мұнай жеткізеді. Ұзақ мерзімді әріптестіктің төрт негізгі бағыты белгіленді. Олар: энергетика, шикізат, экологиялық технологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы, агротехнологиялар және өнеркәсіптік технологиялар. Президент Мюнхенде үш кездесу өткізді. Соның бірі – Siemens компаниясының өкілі.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Жалпы Қазақстанда Siemens-тың рөлі бөлек. Siemens энергетика саласында және индустриалдық ынтымақтастық бойынша үлкен үлес Қазақстанның экономикасының дамуына қосып жатыр. «Самурық-Қазына» бағыт бойынша біз Siemens Energy компаниясымен тығыз байланыста. Олар бізге электротурбина және генератор құрал жабдықтарын жіберіп жатыр. Яғни газ қондыру, бу газ қондыру. Түркістан станция бойынша біз толыққанды Siemens-тың технологиясын қолдадық және Алматыдағы ТЕЦ-2 Siemens-тың технологиясын қолдадық және Қарабатан Ютилитис Solutions бу газ қондырғының электростанциясында да. Енді олар Қазақстанда тиісті тренинг орталығын бізбен біреге бірлесіп ашайын деп жатыр.

Президент бүгін Linde компаниясының өкілімен де жеке кездесті.  Бұл өнеркәсіптік газдар мен инженерлік технологиялар саласында жұмыс істейтін жаһандық компания. Олар қазір біздің «Қармет» комбинатымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Олар Қазақстан экономикасына екі жүз млн доллардан астам инвестиция салған.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Үшінші кездесу Aurubis компаниясымен Aurubis бұл мыс шығаратын компаниясы нарықтық капитализациясы жеті миллиард евро құрайды. Олар бір миллионнан астам мысты шығарады. Елу пайыз мыстың олар рециклинг технологияларымен шығарып жатыр. Енді кездесу барысында Қазақстанда жаңа өндіріс зауытын ашудың перспективалар талқыладық. Жалпы Aurubis Қазақстанға инвестиция құю дайындық білдірді.

Сағыныш Әбікей, тілші:

- Айта кетейік, бұл – Мемлекет басшысының Германияға ресми сапарының Мюнхендегі бөлігі. Берлинде өткен келіссөздер барысында Қазақстан мен Германия арасында жалпы құны шамамен 2 млрд доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Авторлары: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков

 

Сондай-ақ оқыңыз: