Бүгін Оралдағы «Жайық Арена» спорт кешенінде Туризм және спорт министрлігінің кубогы жолындағы жарыс басталды. Сайысқа елдегі 17 спорт мектебінің жасөспірімдері қатысып жатыр. 400 атлет 3 күн бойы бокс, дзюдо, еркін және грек-рим күресі мен таеквондодан сынға түседі, деп хабарлайды 24KZ.
Министрлік кубогы 5-ші рет ұйымдастырылып жатыр. Жарыс тарихында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің өрендері 3 рет топ жарды. Олар бұл жолы да тыңғылықты дайындықпен келгендерін айтады.
Бекзат Амантай, Қажымұқан атындағы республикалық мектеп-интернат-колледжінің шәкірті:
– Мен өзім бокспен 9 жасымнан айналысам. Бұған дейін спорт мектебіне 9 класс кезімде түскем. Біз бұған дейін Министр кубогын 3 дүркін жеңіп алғанбыз және 4 алтынға келіп отырмыз. Жаңа Жамбыл облысымен шықтық, 6-1 есебімен ұттық.
Ермек Қоспанов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің басқарма басшысы:
– Республика бойынша 20 мектеп-интернат колледжі бар. Соның бүгінгі күні 17 командасы қатысып отыр. Биыл барлық командалар жақсы деңгейде дайындалып келген. Бәсеке өте жоғары. Бұл жарыстың негізгі мақсаты – еліміз бойынша спорт резервін қалыптастыру, еліміздің намысын қорғап, жақсы жетістікке жету үшін оларға бірден-бір тәжірибе болып табылады.
Тегтер #Орал #туризм #спорт #кубок #жарысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz