Инвесторлар құқығын прокуратура қорғады
Батыс Қазақстанда жыл басынан бері прокурорлардың араласуымен 800-дей кәсіпкердің құқығы қорғалды. Облыста қазір 85 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Қадағалаушы органның пәрменімен жер учаскелері рәсімделіп, инженерлік желілер жедел тартылды, құрылыс уақтылы басталды.
Бәйтерек ауданы Белес ауылындағы метанол зауытының алғашқы қадасы былтыр күзде қағылған еді. Жоба құны - 78 млрд теңге. Оның 20% қытайлық инвестор құйыпты. Жылына 130 мың тонна сұйық отын шығаратын зауытты келер жылдың аяғында іске қосу жоспарланған болатын. Алайда құжаттарды рәсімдеу мен сараптама жасау уақыты ұзаққа кетіпті. Мәселені шешуге облыс прокурорлары көмектескен.
Армат Жүсібәлиев, серіктестік директорының орынбасары:
- Біздер нысанға теміржол тармағын тарттық, сумен қамтуға «Батыс су арнасынан» техникалық шарттар алдық. Жұмыс барысында кедергілерді еңсеруге прокурорлар көмектесті. Биыл олар көлік жолын салу мәселесін шешіп берді. Бұрын орман жолағынан жолды өткізуге рұқсат ала алмай келген едік.
Инвесторлар көбінесе жер телімдерін алу, рұқсат қағаздарын рәсімдеу, инженерлік желілер тартуда қиындықтарға тап болады. Бұл мәселелерді жедел шешу үшін облыстық прокуратура жанынан арнайы кеңсе құрылған. Топ құрамына барлық мүдделі мемлекеттік орган басшылары енген.
Артур Шоқпанов, БҚО прокурорының аға көмекшісі:
- Фронт офис жұмысы басталғалы бері елу екі инвестициялық жоба бойынша кейстер шешімін тапты. Жалпы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүйелі негізде жүргізілуде. Оны қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет Басшысының Жарлығымен биыл Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Қазіргі таңда бұл комитет Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға негізгі орган болып табылады.
Өңірде тартылған инвестиция көлемі жыл санап артып келеді. «Батыс Қазақстан облысының Ресейдің 5 бірдей облысымен шектесуі оның инвестициялық тартымдылығын арттырады», - дейді мамандар. Былтыр өңірге 874 млрд инвестиция тартылған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 113,7% артық.
Нұржан Өтепбаев, БҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Бізде инвесторлардың қызығушылық танытатын салалары мұнай және газ, өңдеу өнеркәсіп салалары, одан басқа энергетика салаларында үлкен жобалар бар. Жалпы 30 инвестжоба ол іске қосуға жоспарланған жобалар. Жалпы жылдың қорытындысы бойынша бізде 83 миллиардқа сол жобалардың тізімі бар.
Сондай-ақ өңірде индустриалды аймақ өз жұмысын бастады. Теректі ауданы Пойма ауылындағы арнайы аймақта кәсіпкерлердің өндіріспен айналысуына барлық жағдай жасалған, салық жеңілдіктері де қарастырылған.
Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап, Э.Аюпов