БҚО-да 148 жылқыны ұрлады деген күдікпен төрт адам ұсталды
Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 86 миллион теңгеден асатын 148 жылқыны ұрлады деген күдікпен төрт адамнан тұратын топ ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Полиция мәліметінше, күдіктілер мал ұрлығының алты дерегіне қатысы бар деп танылып отыр. Қазіргі уақытта олардың барлығы сот санкциясымен қамауға алынған.
Қылмыстық топ 20-22 қараша аралығында өңірде өткізілген «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды.
Операцияға БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Бөкей ордасы ауданының полицейлері қатысқан. Олар мал ұрлығын ашуға бағытталған ауқымды жедел-іздестіру шараларын жүргізген.
Нәтижесінде төрт күдікті анықталып, ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың 148 жылқыны ұрлау дерегіне қатысы бар екені белгілі болған. Малдың жалпы құны 86 миллион теңгеден асады.
Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция департаменті өңірде мал ұрлығының алдын алу, қылмыстарды дер кезінде анықтау және кінәлілерді заң алдында жауапқа тарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын хабарлады.