АЭФ: Елбасы атаған әлемдік 5 мегатренд

Қазақстанда 2030 жылға қарай елде өндірілетін барлық энергияның 30 пайызын баламалы қуат көздері құрайтын болады.

Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ХІ Астана экономикалық форумында әлемдік 5 мегатрендті атау барысында мәлімдеді. Ал былтырғы өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі осы жұмыстардың жандануына үлкен серпін бергені сөзсіз.

Президент алғашқы маңызды үрдістердің біріне цифрландыру жүйесін жатқызды. Бұл бағытта елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір біздегі халықтың цифрлық сауаттылығы 85 пайызға артты. Еліміздің түрлі салаларында ақылды технологиялар біртіндеп қолданылып келеді. Ал бұның адамдар үшін тек пайдасы болмаса, зияны жоқ дейді мамандар.

Илья Слуцский, Medme компаниясының басқарушы серіктесі:

– Цифрландыру – еңбек өнімділігін арттырып, аз уақыттың ішінде мол табыс табуға бағытталған жүйе. Ал адамдар жұмыссыз қалады деу – жаңсақ пікір. Тек жұмыспен қамту құрылымы өзгереді. Болашақта әлемде көп қызметті машиналар атқаратын болады. Ал адамдар оны басқарумен шектеледі.

Ал роботтардың көбейіп кетуінен қорқуға болады. Себебі адам атқаратын жұмыстардың көпшілігі келешекте құлтемірлерге тапсырылады. Сол себепті Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандықтар өз өмірінде бірнеше мамандықты меңгеруге дайын болуы тиіс. Әсіресе шығармашылықтың қай саласын болмасын игеріп алу қажет немесе сол құлтемірді құрастыратындай қабілет болғаны абзал. Елбасы атаған келесі мегатренд – урбанизация. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, 2050 жылға қарай әлемде қала тұрғындарының саны 7 млрд-қа дейін жетеді. Мәселен, өз елімізді алсақ, бұрын бізде 1 миллион тұрғыны бар Алматы қаласы ғана болса, қазір оған Шымкент пен елордамыз Астана да қосылды. Енді алдағы уақытта бұл тізімге Қарағанды шаһары да ілігіп қалуы мүмкін. Ал жалпы қазір еліміздегі халықтың 57 пайыздан астамы, яғни 10 млн 459 мың адам қалаларда құрады.

Уильям Томпсон, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия бөлімінің жетекшісі:

– Алдағы 75-80 жылдың ішінде біз осыған дейінгі 4 мың жылдықта болмаған урбанизация үдерісіне куә боламыз. Адамдар белсенді түрде қалаға көше бастайды. Осы уақытқа дейін әлемде 3,5 млрд адам қалада тұратын болса, ал ғасыр соңында тағы осыншама халық шаһарларға қоныс аударады. Сондықтан жаңа қалалардың құрылысында осы жағдайды ескеру керек. Өкінішке қарай, қазір әлемнің көптеген елі мұны қаперге алмай, қателікке жол беріп отыр.

Әлемде тек қала тұрғындары ғана емес, жалпы халық саны көбейеді. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев ғалам бұл үдеріске дайын болу қажет дегенді айтты.

Президент айтқан келесі тренд – энергетикалық революция. Бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалып отырған жоқ. Елімізде «жасыл экономиканы» ендіру кеңінен қолданылып келеді.

Арман Қашқынбаев, халықаралық «жасыл технологиялар» орталығы төрағасының орынбасары:

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздегі «жасыл экономиканың» үлесі 1 пайызға жетті. Ал Қытайда бұл көрсеткіш – 20, Германияда – 30 пайыз. Бірақ мұндай жетістікке жетеміз деп асығудың қажеті жоқ. Біртіндеп шетелдік тәжірибені сапалы ендіре отырып көшеміз. Алдымен көмір жағатын ескі станцияларды «жасыл энергетикаға» алмастыру қажет. Бұл, Президент айтқандай, энергетикалық қауіпсіздік үшін өте маңызды.

Ал Президент атаған барлық 5 мегатренд байбалам салу үшін емес, әркез дайын болу үшін айтылып отыр. Сондықтан Астана экономикалық форумының қатысушылары бұл жайттарды қаперге алары сөзсіз.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Әділғазы Төлеміс