Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру жолдарын айқындады

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жария етті.

Маңызды құжатта ел экономикасын еселеу жолдары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер атқаруы тиіс міндеттер айқындалған. Сондай-ақ Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі басталғаны және оны жүзеге асырудың ең тиімді тәсілдері атап көрсетілген. Биылғы Елбасы жолдауы тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басқан мемлекетті жаңғыртудың жаңа кезеңіне жетелейді. Яғни, бұл құжатта ширек ғасырдағы жетістіктерге тоқмейілсімей, кезекті маңызды белестерді еңсеру қажеттігі егжей-тегжейлі түсіндірілген. Оның үстіне, Президент дамуға тың қарқын беретін жаңа бағыт-бағдарды бұрынғыдай телеарналардың тікелей эфирінде емес, Ақорданың ресми сайтында жазбаша түрде жариялады. Сонымен, бұл жолғы Президент жолдауы қандай маңызды міндеттерді қамтыды? Ең алдымен онда тәуелсіз елдің ең ауқымды тарихи оқиғалары атап көрсетілген. 2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз. Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда. Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді. Еліміз 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы тиіс. Осы ретте, Мемлекет басшысы айқындаған бағыт-бағдарлардың өзектілігі орасан. Себебі, ел экономикасын жаңғыртудың алғашқы кезеңі кеңес одағы ыдырағаннан кейін нарықтық экономика талаптарына көшуден басталған болатын. Қиын-қыстау шақта аз шығындалып, толайым табысқа жетуіміз әлемдік қауымдастыққа белгілі зор жетістік. Ал кейінгі жаңғырту кезеңі Қазақстан 2030 стратегиясының қабылдануы және астананың арқа төсуіне көшуімен тұспа-тұс келді.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:

- Біз қазір 48-ші орында деп айтсақ болады. 30 елдің қатарына кіру үшін ол отыз мемлекеттің ішінен басқа мемлекеттер түсіп қалу керек. Сондықтан қазір жаңа экономикалық модель арқылы әлеуметтік бағытты, кәсіпкерліктерді қолдау арқылы жаңа индустриялық революцияны қолдау арқылы қалай дамимыз соның бәрі осы құжатта нақты көрсетілген.

Елбасы жолдауының негізгі мазмұны өндірісті өркендетіп, кәсіпорындардың жаппай сандық технологияға көшуін көздейді. Ал күнделікті өмірде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді жұмыстар қалыпты жағдайға айналып, автоматты жүйелердің белең алуы міндет. Осыған орай, Президент Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Төртінші өнеркәсіптік революция бәсекеге қабілетті экспорттық өнім өндірісін дамыта түспек. Себебі, 2025 жылға дейін оның мөлшерін екі есе ұлғайту міндеті межеленген. Ал экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерінің стратегиялық маңызы сақталуы керек. Оған қоса, ауыл шаруашылығын экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру кезек күттірмес мәселе. Себебі кең байтақ елімізде шөбі шүйгінді, топырағы құнарлы алқаптар жетерлік.

Николай Радостовец, Республикалық металлургия өнеркәсібі қауымдастығының атқарушы директоры:

- Мемлекет басшысы тау-кен өндірісіне жаңа заң керектігін айтып, маңызды мәселені көтерді. Жыл соңына дейін ол қабылданбақ. Сол арқылы біз өндіріске жаңа инвесторларды тарта аламыз. Себебі оларға аталған құжат кепілдеме береді.

Ал ежелгі Жібек жолының күретамыры саналатын еліміз үшін еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды бағыт саналады. Енді үкімет транзиттік тасымал көлемін 2 миллион контейнерге жеткізіп, одан түсетін пайданы 4 миллиард долларға көбейтуі қажет. Бұдан бөлек, алдағы 15 жылда 1,5 миллион қазақстандық отбасы баспанамен қамтылып, тұрғын үй нарығы кешенді дамытылуы тиіс. Ал өндіріске жаңа технологиялар енгізілген сайын, жұмыс орындарының қысқарып қалатыны белгілі. Осыған сәйкес, Президент еңбеккерлердің екі қолға бір күрек табуы үшін арнайы орталықтар жұмысын реформалау керектігіне ерекше тоқталып өтті. «Шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін, 50 пайызға жеткізу маңызды міндет», - деді Елбасы.

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

- 5-10 жылдың ішінде көптеген өндіріс салалары жоғалып кетуі мүмкін. Яғни, архаикалық өндіріс салалары болмайды. Технология саласынан басқа бір деңгейге көшіп кетті. Дүниежүзілік тенденциялардан қалмауымыз керек. Сондықтан бұл жақсы ой.

Ел экономикасын тосын құбылыстардан қорғауға қаржы секторы тікелей әсер етеді. Сондықтан оны заман талабына сай жаңғырту қажет. Бұл ретте, жолдауда инфляция деңгейін төмендету, акционерлер қаржысын бағалы қағаздарға инвестициялау және бюджет шығыстарын тиімді жұмсау жөнінде бағыт-бағдар берілген. Бұған қоса, Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру жолдарын айқындады. Ол үшін қазақ тілінің басымдығы сақталады. Тек 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуды ұсынды. Жолдауда айтылған тағы бір жаңашылдық денсаулық сақтау ісіне қатысты. Бұл саладағы өзгерістердің бір парасы дәрі-дәрмектер бағасын реттеуге бағытталған.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:

- Зейнетақыны көтереміз дейміз. Басқа да төлемдерді көтерудің екінші жағы бар. Ол ақша жағынан біз қаншалықты оны атқара аламыз. Жыл сайын жүздеген миллиард теңгеден қарастыруымыз керек. Сондықтан жаңа экономикалық модель арқылы одан әрі дамуға жақсы стимул жасауымыз керек. Президент айтып өткендей, жаңа технологиялық модернизация.

Жалпы Жолдау аясында Ұлт көшбасшысы Үкімет пен өзге де атқарушы органдарға бірқатар маңызды тапсырма жүктеді. Жоғарыда айтылған межелі міндеттерді жүзеге асыру үшін сыбайлас жемқорлықпен күреске баса назар аудару қажеттігін де еске салды. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қабылдап, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді жоюды міндеттеді.

Авторы: Рауан Мыңбаев.