Үкімет 7 ақпанға дейін жолдауға қатысты жалпыұлттық жоспар құрады

Үкімет 7 ақпанға дейін жолдауға қатысты жалпыұлттық жоспар құрады.

Бұл туралы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Үкімет басшысы стратегиялық жоспарды дайындауды Ұлттық экономика министріне тапсырды. Елбасы өз жолдауында бюджет шығындарының тиімділігін арттыру керек екенін атап өткен еді. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрлігінің бюджеттері, бірінші кезекте тиімділігі жағынан тексерілетін болады. Бақытжан Сағынтаев талдау қорытындысы бойынша, тиімсіз бағдарламалардың қаржысы жаңғыртудың үшінші бағдарламасына тартылатын мәлімдеді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Елбасы біздің алдымызға Қазақстанды үшінші деңгейдегі жаһандық мақсат міндетін айқындап беріп отыр. Оның ішінде үкіметке Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы деп аталатын 2025 жылға дейін стратегиялық даму жоспарын айқындауды тапсырды. Тимур Мұратұлы, сіз елбасының Қазақстан халқына жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарын дайындап үкіметке тез арада елбасы жарлығының жобасын енгізіңіз. Сондай-ақ, президенттің әрбір тапсырмасының мерзімдерін, оған жауапты лауазымды тұлғаларды белгілеп, жолдаудың дер кезінде орындалуын қадағалауға алу қажет.

Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын жүргізу туралы міндет қойды. Оны жүзеге асыру үшін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру қажет. Осыған орай елбасы бес басымдықты белгілеп берді. Жоспар ойдағыдай орындалса, 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын құрауы тиіс.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Елбасы өз жолдауында екінші басымдықты бизнес саласын түбегейлі өзгертуге берді. Стратегиялық маңызды мақсаттардың бірі, 2050 жылға дейін шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімге қосар үлесі 50 пайызындан кем болмауы тиіс. Елбасының тапсырмасына сәйкес, әр әкім жаппай кәсіпкерлікті және отбасылық бизнесті дамытуға байланысты кешенді жоспарларын ұсынуы тиіс. Президент жаңадан құрылған жұмыс орындары үкімет пен әкімдер жұмысының көрсеткіші болатынын атап өтті.