Ауылшаруашылық саласы экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек

Президент жолдауында жыл сайын аграрлық секторға ерекше мән беріледі.

Елбасы экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деп атап көрсеткен ауылшаруашылық саласын дамытуға Павлодардың фермерлері білек сыбана кіріспек. Шаруалар кооперативке топтассақ, экспортқа өнім жөнелту процедуралары жеңілдейді дейді.

«Болат» шаруа қожалығы облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі. 4 мыңға жуық қой, 1,5 мыңдай жуық асыл тұқымды ірі қара өсіріп отыр. Мал санын көбейтіп, сапасын арттыруда ғылыммен техниканың мүмкіндігін пайдаланады. Қазақы ақбас сиырларды Канаданың герефорд тұқымымен будандастарып солтүстіктің суығына төтеп беретін, салмақ қосуға бейім жаңа тұқымын алған. Жуырда Серік Сүлейменов айналасындағы шағын шаруашылық иелеріне ортақ кооператив құру ұсынысын тастаған болатын.

Серік Сүлейменов, шаруа қожалығының басшысы:

- Кешегі үндеуден кейін, Елбасының айтқанынан кейін бізге мынау әкімшіліктер тарапынан жақсы көмектер тиеді деген сенімдемін. Субсидия оны да мына бізді кооперативтер бірінші кезекте алатын болады. Сондықтан кооперативті құру керек. Араб Әмірлігімен мына Қытай елінде біздің қойдың еті үлкен сұранысқа ие. Сондықтан кооператив құрып сол жаққа жөнелтетін болсақ біздің құжаттарымызды рәсімдеу барлығы жеңіл болады.

Көрші орналасқан шаруашылық басшысы Кайыргелді Иманханов та бұл пікірді құптап отыр. Шағын шаруашылықтарға мал өсіру оңай емес. Жем-шөп дайындауда техникадан қиындық көреді. Жеңілдетілген несие алу үшін кепілге қоятын мүлік керек. Кооперативке топтасса, бұл мәселелер өздігінен шешілмек.

Қайыргелді Иманханов, шаруа қожалығының басшысы:

- Өйткені «жаяудың шаңы шықпайды, жалғыздың үні шықпайды» деген. Егер барлығы осылай қосылып, бірігетін болса шешілетін нәрселер көп болады. Өйткені біреуінде техника болады, екіншісінде болмайды. Несиенің өзіне қоятын кепілге мүлік жетпей жатады. Сол себептен ойлаймын егер бірігетін болса көп нәрсені шешуге болады.

Жолдау ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейту міндетін жүктеп отыр. Оны көп болып жүзеге асыру тиімді. Жеке шаруашылықтар кооперативке бірігу үшін құжаттарын әзірлеп жатыр. Фермерлер бұл істің оң нәтиже беретініне сенімді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий.