Неміс саясаткерлері Елбасы бастамасын талқылап жатыр

Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастамасын неміс саясаткерлері де талқылап жатыр.

Қазақстан Президенті ұсынған конституциялық реформа елдің мемлекеттік аппаратының жұмысына тың серпін бермек. Бұл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Германиядағы бұрынғы елшісі Дитер Боденнің пікірі.

Дитер Боден, ЕҚЫҰ Германиядағы бұрынғы елшісі:

- Президент бірқатар өкілеттігін Парламент мен Үкіметке береді. Бұл Министрлер кабинеті жұмысының тиімділігін арттыру үшін жасалып жатқан қадам. Мұндай реформа кез келген мемлекетке қажет. Немістер Қазақстанда демократиялық қоғамның қалыптасып келе жатқанын байқап отыр. Бұл ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктердің бірі. 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мемлекеттің әлемдік аренадағы беделін көтерді. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы.