Сенат депутаты: ШҚО-да өндірілетін өнім түрлері артып, экспорттық әлеует еселенеді

Шығыс Қазақстанда өндірілетін өнім түрлері артып, экспорттық әлеует еселенбек.

Бұл үшінші жаңғырту кезеңіне аяқ басқан Қазақстанның жаңа мүмкіндігі. Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов осылай дейді. Халықпен кездесіп, Елбасы Жолдауын егжей-тегжейлі түсіндіріп жүрген депутаттар өңірдің бар мүмкіншіліктерін зерттеген. Әсіресе, облыста ауыл тұрғындарының қалаға ағылуы жиілепті. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарына деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Яғни облыста кәсіпкерлерге қолдау жасау маңызды.

Дулат Құсдәулетов, ҚР Сенатының депутаты:

- Шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу міндеті бар. Өңірлерде мұндай мүмкіндіктер өте зор. Ол үшін мемлекет қолдауы керек. Субсидия, несиелер бөлінуі тиіс. Ұйымдастыру жағынан көмек қажет болады. Сондықтан билік бұған мән беру керек. Елбасы Жолдауының басты міндеті осы.