Ж.Еркінбекұлы: Жолдау талантты да талапты жастарға кең мүмкіндіктерге жол ашады

«Елбасы Жолдауы талантты да талапты жастарға кең мүмкіндіктерге жол ашады», - дейді «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып жатқан стипендиаттар.

Өйткені онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет сияқты келешегі кемел салаларды дамыту жастардың қолында. Сондай-ақ, кейінгі буын өкілдері еңбек нарығын жаңғырту мақсатында жаңа технологияларды енгізу арқылы барлық бос жұмыс орындары бойынша бірыңғай онлайн платформа қалыптастыру мүмкіндігі пайда болатындығына риза. Лондонда білім алып жатқан студенттер ағылшын тілін үйретуге басымдық берілетіндігін де құптайды.

Жігер Еркінбекұлы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:

- Қазақ тілінің басымдығы сақталатындығы туралы айтылды. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі болып табылады. Сол себепті ағылшын тілі арқылы әлемнің көптеген елдерімен тікелей қарым-қатынас орнатуға озық ілім-білімді, жаңа технологияны игеруге болады. Тіл білу – сол елдің жанын түсіну деген сөз. Сол себепті бұдан қазақ елі ұтпаса, ұтылмайды.