Қызылорданың Айдарлы ауылының халқы жүннен түкті кілем тоқып сатады
Қызылорда облысында былтыр 33 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
Ауыл кәсіпкерлерінің бірлесіп іс бастауда белсенді бола түсуі мемлекеттен берілетін қаржылай қолдаудың нәтижесі, дейді мамандар. Мысалы, Қызылорда облысындағы Айдарлы ауылының тұрғындары әдетте қоқысқа тасталатын қой мен түйенің жүнін кәдеге жарата бастады. Одан түкті кілем тоқып, табысқа кенеліп отыр.
Бұл цехта жүннен барлық бұйым түрін жасауға болады. Көбіне қазақтың киіз үй әбзелдері дайындалады. Алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауылдың қыз-келіншектері түкті кілем тоқып, киіз басады. Шебер қолды ісмерлер басқұр, текемет секілді дәстүрлі қолөнер бұйымдарын да тоқиды.
Салтанат Әбдіраманова, Айдарлы ауылының тұрғыны:
- Инемен құдық қазғандай деп білімді айтатын болсақ бұл да сондай. Бұл да математика, бұл да есеп, өнер, әрбір істеген ісің есеп. Бір жерден жаңылысып кетсең, қате болып шығады, гүлің қисық болып кетеді. Бір түкті кілемді ені 2, ұзындығы 3 метрлік үлкен кілемді Роза апай екеуміз бір айда тоқимыз. Былайынша кішкентай шағын кілемшелерді сувинирге тоқимыз.
Ауылдан шыққан шикізатты толық өңдеп, отандық өнім дайындайтын бұл цехқа жуырда қажетті құрылғылар сатып алынған. Енді қолөнершілер жүнді жууға, тарауға күш пен уақытын жоғалтпайды. Былғарыға арналған тігін мәшинесі де бар. Мұның барлығын мемлекет тарапынан берілген жеңіл пайызды несиенің көмегі.
Талғат Нұртазаев, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары:
- 2,5 пайызбен беріледі 5 жылдан 7 жылға дейін. Оның шыны керек, жеңілдігі – бір жарым жыл каникул беріледі. 28 миллион теңгеге дейін беріледі кооперативке, ол үлкен қаржылай қолдау.
Жергілікті шикізатты ұқсатамын дегендерге «Бір ауыл-бір өнім» жобасы аясында да қолдау жасалады.
Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Алдағы уақытта осылардың дүкендерін ашып, осыларды әрі қарай өткізу мәселесі біздің алдымызда тұр. Дәстүрлі тоқымалар, ешкінің жүні, түйенің жүні оның барлығы қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша сұранысқа ие. Соны біз қазір әлемдік деңгейге шығаруға жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржылай қолдау үшін 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның аясында құс шаруашылығы, асыл тұқымды мал басын көбейту және жылыжай кешендерін ашу секілді жобалар ұсынылып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев