М.Айсина: Шалғай елді мекендерді ғаламтор жүйесімен қамту жұмыстарын жандандыру қажет

«Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту керек. Сондай-ақ шалғай елді мекендерді ғаламтор жүйесімен қамту жұмыстарын жандандыру қажет».

Қызылорда облысы Сырдария ауданының жұртшылығымен кездескен Мәжілісі депутаттары Елбасы Жолдауынан туындаған осы және өзге де міндеттердің орындалу тетіктері жайлы баяндады. Интернет желісі жетсе, ауылдан қалаға сабылмай-ақ бірқатар мемлекеттік қызмет көрсету түрлерін электронды технологиямен еңсеруге болады. Халық қалаулылары жергілікті атқаруші билікті елді мекендерде IT-білімді жетілдіру ісіне көңіл бөлуге шақырды. Аймақтың барлық аудандарын аралаған депутаттар өңір тұрғындарын инфрақұрылымдық бағдарламалар қызықтыратынына тоқталды. Оның ішінде әсіресе көгілдір отынға қосылу мәселесі өзекті.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұрттың басым бөлігін газбен қамту мәселесі толғандыратынын байқадым. Қармақшы, Жалағаш және осы Сырдария ауданының тұрғындары жанынан өтіп жатқан газ құбырына қосыла алмай жүргеніне қынжылатындықтарын жеткізді. Біз бұл мәселе бойынша облыс әкімімен де әңгімелестік. Енді тиісті министрліктерге өз сауалдарымызды қойып, газдандыру жұмысын жандандыруға ықпал жасауға тырысамыз.