Талдықорғанда жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланды

Талдықорған қаласындағы Тілдер сарайында Президент реформасы және жастардың бойында патриотизм рухы мен жауапкершілік сезімін қалыптастыру мәселелеріне арналған отырыс өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық аналар кеңесі ұйымдастырған шара барысында Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы да жан-жақты түсіндірілді. Жиынға аймақтарды аралауға шыққан халық қалаулылары да арнайы шақыртылды. «Президент биылғы Жолдауында оқу бағдарламаларын жастардың сыни ойлау қабілетін арттырып, өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігін айтты. Қазір біздің алдымызда өз ойын именбей ашық айтып, кім-кіммен де еркін пікір таластырып, жасындай жарқылдайтын білімді, білікті жастарды тәрбиелеп, ұлттық тұлға қалыптастыру міндеті тұр», - дейді отырысқа қатысушылар.   

Күләш Оразбекова, Алматы облысының құрметті азаматы:

- Президент те, Үкімет те айтылып жатқан сынды да, басқаны да жақсы қабылдайды. Бірақ зиялылар кеңес үкіметінен үйреніп қалған үндемеу, тығылып қалу, жалтақтық дегендей. Міне, осы мәселені де Президент көтеріп жатыр. Өздеріңіз біліп отырсыздар, қариялар мен орта буын тұрмақ, балалармен, жастардың өзімен кездесіп жатыр.

Шаймардан Нұрымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Президентіміздің Жолдауын, пікір-ойларын елмен бөлісу үшін, қазақсатандықтардың осы жайлы пікірін білу үшін біз, Парламент депутаттары өңірлерде елмен кездесулер өткізіп жатырмыз. Үкімет Парламенттің алдында есеп беретін болды. Есеп тыңдау, баға беру өте қиын жұмыс. Сонымен Парламенттің де жауапкершілігі өсіп жатыр.