«Вайнах» қауымдастығы: Білім саласын жаңғырту – аса маңызды қадам

Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы білім сапасына мемлекеттік бақылау күшейтілуі тиіс.

Алматыда Елбасы Жолдауын талқылаған «Вайнах» шешендер мен ингуштар қауымдастығының өкілдері осындай ұсыныс білдірді. Сондай-ақ қауымдастық мүшелері білім саласындағы жаңа технологияларды бұрынғы әдістеменің ұтымды тұстарымен тиімді ұштастыра білу керек дейді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру мәселесін міндеттеді. Осы орайда оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілеті мен өз бетінше іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігін айтқан болатын.

Абу-Касим Хажалиев, «Вайнах» қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Қазір ғылыми жаңалықтар мен технологиялар жылдам өзгеріп жатыр. Демек біздің жастарымыз осы үдерістерден шет қалмауы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономика жаңа технологиялар мен инновацияларға арқа сүйеуі керек деуі де сондықтан.