Junior Eurovision 2022: Давид Чарлин еліміздің намысын қорғауға аттанады

«Балалар Еуровидениесі» байқауына Қазақстанның атынан жас әнші Давид Чарлин қатысады.

Өнерпаз ертең ел намысын қорғау үшін Арменияға аттанады. Қазір өнерпаздың командасы жолға дайындалып жатыр. Бұл туралы Давидтің продюсері Хабар24 телеарнасына берген сұхбаты кезінде мәлімдеді. Телевизиялық беделді шоуды Хабар агенттігі тікелей эфирде трансляциялайды.

«Junior Eurovision» байқауына Қазақстан биыл бесінші рет қатысады. Бұған дейінгі жылдары қазақтың вокалдық өнерін Данелия Төлешова, Ержан Мақсым, Қарақат Башанова, Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзиндер паш еткен болатын. Биылғы додада ел намысын 12 жастағы Давид Чарлин қорғайды. Ол «Бақытты бала - 2022» халықаралық байқауында ерекше өнерімен көзге түсіп сарапшылар таңдауы осы жеткіншекке түскен.

Давид Чарлин, «Baqytty Bala-2022» халықаралық байқауының қатысушысы:

- Төрт ай бойы дайындалдық. Байқауға Жер-ана әнін таңдап алынды. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.  Қазақстанның атын шығару үшін бар өнерімді көрсетем. Маған дауыс беріп қолдау білдірулеріңізді сұраймын! 

«Junior Eurovision-2022» байқауы Арменияның астанасы Ереванда өтеді. Алматылық жас әнші халықаралық байқауда қазақ тілінде ән шырқайды. Жаңа туынды «Жер-ана» деп аталады. Бұл өнер сайысына Давид бірнеше айдан бері дайындалып жүр. Оған Хабар агенттігі тікелей қолдау көрсетті.

Жан Мұқанов, продюсер:

- Давидті таңдағанымыз дауысы ерекше. Және де бұл «Junior Eurovision» ол тек қана дауыс туралы емес. Бұл негізі шоу туралы. Мимика, харизмасы керек. Қалай сахнада ұстап тұрғаны, билегені, сөйлегені, тілдерді білгені, дауысы қандай екенін. Сондықтан Давидті таңдадық.

- Өте жоғары дайындық үстінде жүр. Дауысы да мықты.

- Давидті жеңімпаз болады деп айта аласыз ба?

- Әрине енді мен тек сол үшін бара жатырмын.

Бұл жолы Қазақстаннан бөлек 15 еуропалық мемлекеттің үздік деген  өнерпаздары қатысады. «Хабар» агенттігі 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату одағына мүше болды. Осы одаққа енгелі Хабар талай талантты, дарынды жастарды халықаралық деңгейде танылтуға жол ашып, қолдау білдіріп келеді.

Данияр Меңілбеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұған дейін ерекше өнерімен көзге түскен балалар бар ғой. Бұл фестивальдерде тамаша өнер көрсеткенімен жеңіске жете алмады. Неге дейсіз ғой. Өйткені ол байқаудың шарттары бойынша. Әділ қазылар алқасынан біздің балалар жоғары бал алғанымен онлайн дауыс беру жағынан аз дауыс алып қалды да қорытынды есепте жеңімпаз бола алмай жүрді. Сондықтан биыл біз барлық жағынан ақпараттық қолдау көрсетіп еліміздің намысын қорғап, еліміздің өнерін халықаралық деңгейде танытуға аттанып бара жатқан Давид Чарлин баламызға, өнерпазымызға барынша қолдау көрсетсе деген өтініш айтқымыз келіп отыр. 

«Junior Eurovision-2022» ән байқауы 11 желтоқсан күні сағат 21:00-де Хабар телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын! Еуропада қазақ елінің атынан ән шырқайтын жас талант иесіне барынша қолдау білдірейік. 

Руслан Бақытбекұлы, Ерлан Наурызбаев