Қарағандылық белсенділер саябаққа 1000 түп көктерек екті
Қарағандыда мың түп көктерек егілді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолы қаланың Әлихан Бөкейхан атындағы ауданындағы Қазақстанның 50 жылдығы саябағы көшеттермен көмкерілді. Жасыл желектерді егу «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылды. Оған 100-ге жуық белсенді қатысты. Биыл Қарағанды облысында 130 мыңнан астам ағаш егілді. Оның ішінде мемлекеттік орман қоры аумағы 90 мың үйеңкі, қарағай, қарағаш көшеттерімен толықты. Ал қалалар мен ауылдарда 40 мың ағаш отырғызылды. Бұл күні Қарағандының орталық және жеңіс саябақтарында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Экоакцияға қатысқан Сәкен Келдібаевтың мамандығы – агроном. Осы салада 40 жылдан астам еңбек еткен ол ағаш егу мен оның күтімін бес саусағындай біледі.
Сәкен Келдібаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Көктеректің айырмашылығы – мұнда мамық болмайды. Адамдарға жайсыз жағдай жасалмайды. Және осы көктерек осы Қарағанды өңіріне, Орталық Қазақстанға бейімделген. Біздің табиғатымызға, топырағымызға.