Made in KZ тауарына сұраныс артты
Елде отандық өнімдердің жаңа өндірушілері үшін "жасыл сөрелер" пайда болады. Сауда және интеграция министрлігі тиісті өзгерістерді пысықтап жатыр. Сондай-ақ шілдеде ұлттық тауарлар каталогын жасақтаудың алғашқы кезеңі аяқталды. Мамандар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын өнімдердің импортты айтарлықтай ығыстыра бастағанын байқаған.
Биыл ұлттық тауарлар каталогы толық жасақталады. Үкімет басшысы жұмысты жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды. Қазірдің өзінде 30 млн тауар цифрландырылды, бас-аяғы 40 мыңнан аса өнімдер тобы енгізілді.
Құзырлы министрлік тауарды бірыңғай жүйеге енгізу қадағалау үшін маңызды екенін айтады. Ұлттық каталог мемлекеттік сатып алу порталы, "Кеден", "1С" жүйелерімен, сондай-ақ сауда желілері және маркетплейстермен интеграцияланған. Енді отандық тауар өндірушілерінің тізілімімен байланыстыру міндеті тұр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев: «Бұл өнімді жеткізу, баға динамикасы, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі туралы объективті ақпарат алуға және мемлекеттік қолдау шараларын атаулы түрде қолдануға мүмкіндік береді», - дейді. Яғни елдегі тауарлардың толыққанды дерекқоры қалыптасады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Тауарлардың ұлттық каталогы дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда, әр тауардың жеке куәлігі. Қазір сол каталогқа 30 млн жазба енгізілді. 40 мыңнан аса тауар тобы тіркелді. Үкімет басшысы жыл аяғына дейін каталог жұмысын бітіріп, барлық жүргізуді тапсырды. Ол сауда орындары мен кәсіпкерлер үшін қосымша шығын болмау керек. Жалпы мұндағы мақсат – тауардың дұрыс айналымын бақылау.
Ұлттық тауарлар каталогын енгізудің бастапқы кезеңі 1 шілдеде аяқталған ед. Талапқа сай, отандық және импорттық өнімге бірегей сәйкестендіру коды беріледі. Бұл код тауарды нақты айқындауға мүмкіндік береді және электрондық шот-фактураларды, ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу кезінде, бақылау-кассалық машиналардың жұмысында қолданылады. Мамандар 6 айда каталогтың негізгі көрсеткіштері айтарлықтай өскенін айтады. Цифрландырылған тауар саны 60 пайызға артты. Жүйені 65 мыңнан аса кәсіпкер пайдаланады. Қазіргі таңда каталогтағы ең ірі тауар санаттарына киім-кешек пен күнделікті тұтыну құралдары, көлік және көлік жабдықтары, сондай-ақ инженерлік жүйелерге арналған жабдықтар мен материалдар жатады. Импорттық тауар бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдері, атап айтқанда киімдер мен трикотаж бұйымдары, аяқ киім және тоқыма өнімдері көш бастап тұр.
Сауда желілерінде ең көп сатылатын 20 тауардың 14-і отандық өнім. Яғни сөрелердің 81%-ын қамтиды. Әсіресе сүт өнімдері азық-түлік түрлерінің үлесі басым. Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Елбегі Әбдиевтің айтуынша, кәсіпкерлерге тиімді шарттар қарастырылған. Бұған қоса, желілерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 21 позициясы бойынша асыра баға қоюға мораторий енгізілді, ал меншікті сауда маркалары бойынша жалпы тауар айналымы 10%-дан асты.
Елбегі Әбдиев, Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары:
- Меншікті сауда маркалары бойынша ассортименттердің 50%-дан астамы Қазақстанда өндіріледі. Кәсіпорын үшін бұл – ұзақ мерзімді кепілдендірілген тапсырыс, болжамды қуат жүктемесі, брендке инвестиция салмай-ақ сөреге шығу және өнімін ілгерілету мүмкіндігі, біз бұл шығындардың барлығын өзімізге аламыз. Көптеген шағын өндіріс иелері үшін бұл ұлттық нарыққа шығудың жалғыз әрі нақты жолы.