Ауыл шаруашылығына арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылады

Келер жылы елде «Е-Агроөнеркәсіп кешені» цифрлық платформасы мен салалық Data Lake жүйесін құру жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұл ауыл шаруашылығындағы деректерді бір жерге жинап, жасанды интеллект арқылы өнім көлемін болжауға, егістік алқаптарын бақылауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. 

Бүгін Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктерге жұмысты сапалы жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін шаруаларға ұзақмерзімді жеңілдетілген несие мен лизинг бағдарламаларын ұсыну көзделіп отыр. Бұл қаржы өндірісті жаңғыртуға, мал шаруашылығын дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеуге бағытталады.

Жалпы цифрландыру мәселесі көлік және қаржы салаларын да қамтиды. Жыл соңына дейін көлік дәліздерін сандық жүйеге ауыстыру жоспары бекітілуі тиіс. Ал мемлекеттік қаржылық бақылауда жасанды интеллект қолданылып, күмәнді операциялар мен заңбұзушылықтарды ерте анықтауға басымдық беріледі. Премьер-министрдің айтуынша, цифрландыру тек жаңа жүйелерді енгізумен шектелмей, экономикаға нақты пайда әкелуі керек. Осы ретте Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне Ұлттық экономика және Жасанды интеллект министрліктерімен бірлесіп, 1 ай мерзім ішінде тәуекелге бағдарланған бақылаудың интеллектуалды жүйесін енгізу тетігін ұсынуды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз: