Қазақстанның 20 өңірінде жаңа форматтағы мектептер салынады
Қазақстанның 20 өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа форматтағы арнайы мектептер салынады. Сонымен қатар облыстарда 600 орындық оңалту және сауықтыру кабинеттері бар ұйымдар ашу көзделген, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Бүгінде елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Оларға қолдау көрсететін 541 ұйым жұмыс істейді. Инклюзивті білім беруді дамыту аясында арнайы ұйымдардың инфрақұрылымын кеңейтуге және білікті мамандар даярлауға басымдық беріліп отыр.
Білікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау еліміздің 17 педагогикалық жоғары оқу орнында және 9 колледжде жүзеге асырылады. 2027 жылы колледждер 500-ден астам логопедтер шығаруды жоспарлап отыр, - деді министр.
Ал биылғы оқу жылында алты колледжде педагог-ассистенттерді даярлау басталып, 210 студент қабылданды. Бүгінде білім беру ұйымдарында 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді.
Сонымен қатар балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте анықтау үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашу нормативтері қайта қаралады. Бұған дейін бір консультация 50 мың балаға шаққанда ашылса, енді бұл көрсеткішті 40 мың балаға дейін төмендету көзделген.
Министр Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, арнайы ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары да жалғасады. 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің оқу кабинеттері мен шеберханалары жаңартылды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау үшін 2026–2030 жылдарға арналған Инклюзивті білім беруді дамытудың ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілді. Құжат өңірлерде білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға және балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған, - деді министр.