АҚШ-та SpaceX ғарыш базасы қала мәртебесін алды

АҚШ-тың Техас штатында орналасқан SpaceX компаниясына тиесілі Starbase ғарыш айлағы ресми түрде қала мәртебесін алды. Бұл туралы компания басшысы Илон Маск әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Қала мәртебесін беру бастамасын аймақтағы 283 тұрғынның ішінен 212-сі қолдап дауыс берген, ал 4 адам мақұлдаған жоқ. Жаңа қаланың алғашқы мэрі болып SpaceX компаниясының зымырандарды сынау және ұшыру жөніндегі вице-президенті Бобби Пэден сайланды. Bloomberg агенттігінің мәліметіне сәйкес, қала мәртебесін алу арқылы SpaceX компаниясы үлкен артықшылыққа ие болады. Компания зымыран ұшыруға рұқсатты өз бетінше бере алады, қажет жағдайда жолдарды уақытша жабуға құқылы, сонымен қатар жеке салық жүйесін енгізе алады. Оның орнына SpaceX бұл аумақта ауруханалар, мектептер және басқа да маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға міндетті.