«7-20-25»: жоспар неге іске аспады  

Қолжетімді баспана. Бұл тіркесті ұран етіп алған қаншама мемлекеттік бағдарлама бар. Алайда жетім бұрыш жағалап, бағасы қысқа күнде қырық құбылған шағын ғана пәтерге қалың бұқараның қолы жетпей жүргені баршаға аян, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, атышулы 7-20-25 бағдарламасын алайық. О баста жобаға 5 жарым жылда 1 триллион теңге бөлінуге тиіс еді. Солай баспанаға мұқтаж жандардың бір бөлігін қамту көзделген. Ал іс жүзіндегі нәтиже жоспардағы көрсеткіштен екі есе төмен болып шықты. Қазір елде 600 мың адам ресми түрде үй-күйсіз жүргенін еске салайық. Елімізде баспанға мұқтаж 590 мың азаматтың 70 мыңы әлеуметтік осал топтарға кіреді. Олар мемлекет тарапынан жалдамалы баспанамен қамтылуы тиіс. Қош, бұл міндет іске асты делік. Бірақ қалған 520 мың тұрғынды қайтеміз? Бұл тек кезекте тұрғандар. Ал ресми есепке алынбағандар қаншама? Азаматтарды баспанамен қамту үшін елімізде бірнеше мемлекеттік бағдарлама түзілді. Соның бірі  «7-20-25». Жобаға 5,5 жыл ішінде 1 трлн теңге бөліну керек еді. Бұл қаражат есебінен халық қолжетімді баспанамен қамтылу керек болған. Алайда  бағдарламаның орындалу қарқыны болжанған көрсеткіштен 2 есе артта қалды. Мәселеге үңілмес бұрын алдымен сандарды сөйлетсек. 7-20-25 бағдарламасы іске қосылған алғашқы 3 жылда, 22 мыңнан астам отандасымыз үйлі болды. Ол үшін 260 млрд теңге жұмсалды. Бірақ былтыр игерілген қаражат 700 млрд теңгені құрауы керек еді. Алайда жоспар орындалмады.

Бағдарламаны қабылдаған кезде халықты баспанамен қамту үшін 2023 жылға дейін 1 трлн теңге жұмсалатыны айтылды. Бірақ осы уақытқа дейін  небәрі 534 млрд теңге игерілген. Ал осы аралықта үйдің құны шарықтап кетті.

Басқаны айтпағанда ипотекалық несиені ең көп рәсімдеген Нұр-Сұлтан қаласының өзінде жағдай мәз емес. Небәрі жарты жылдың ішінде үй бағасы 18 % қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елордада тұрғын үйдің 1 шаршы метрі бүгінде 530 мың теңгеден асады. Осыдан-ақ баспананың қаншалықты қолжетімді екенін бағамдай беріңіз. Әлгінде 7-20-25 бағдарламасына бөлінген 1 трлн теңгенің 466 млрд теңгесі игерілмей қалғанын айттық қой. Осы тұста неліктен мемлекеттік жобаға халықтың сұранысы төмен деген орынды сауал туындайды. Саланы бір кісідей білетін білікті сарапшы Мақсат Халық оның бірнеше себебін ортаға салды.

Мақсат Халық, сарапшы:

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жағдайы өте нашар, көп балалы отбасыларға, яғни әлеуметтік осал топтарға арналған. Ал табысы орта деңгейдегі азаматтар үшін жеңілдіктер жоқ. Олардың кірісі үй сатып алуға жеткіліксіз, ал мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін артық. Тек коммерциялық ипотекаға ғана қатысу мүмкіндігі бар, алайда оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Тиімсіздігі сонша, орта есеппен пәтердің нарықтық құнынан екі еседей ақша шығындауға тура келеді. Орта табысты халықтың қалтасы мұндай қаражат шығынын көтере алмайды.

Бірақ «7-20-25» бағдарламасы халықтың барлық санатына арналған. Тек атында үй болмауы керек. Демек ресми түрде расталған кірісі бар кез келген тұрғын жобаға қатыса алады. Кіріс демекші қазақстандықтардың орташа жалақысы 275 мың теңге. Алайда статистикадағы көпірме есеп нағыз көзбояушылық екенін Президенттің өзі өткір сынады. Тіпті 1 млн жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне яғни 36 мың теңгеге де жетпейді.

Енді қайтпек керек? Біз осы әлемдік тәжірибеге сүйенгенді ұнатамыз ғой. Мәселен, еуропаны алсақ онда ипотеканың жылдық мөлшерлемесі небәрі 2-4% ғана. Біз бұл межеге жету үшін инфляция дәлізін осыған сәйкестендіруіміз керек. Өйткені несиенің пайыздық деңгейі соған қарай белгіленеді. Алайда қазіргі ахуал төл теңгені әлсіретіп жіберді. Қазір Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі 13,5%. Демек, бұдан төмен пайызбен несие беру банктер үшін тиімсіз.

«7-20-25» бағдарламасы қабылданған 4 жылдың ішінде о баста қойылған талаптар өзгеріссіз қалды. Ірі мегаполистерде үйдің бағасы 25 млн теңгеден аспауы тиіс. Алайда осы уақыт аралығында тұрғын үй нарығы мың құбылды. Әсіресе доллар бағамы күрт өскен кезде баға тіпті ырыққа көнбей кетті.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

– Елімізде шаршы метрлердің бағасы ай сайын 5-6% өседі. Сондықтан барлық ипотекалық бағдарламаларды сақтау өте маңызды. Осылайша, тұрғындардың баспана сатып алу мүмкіндігі артады. Себебі әлі де тұрғын үйге мұқтаж жандар көп.

Иә, бағдарлама тиімді болсын-болмасын халыққа ол қажет. Бірақ көзделген меже іске аспай тұр. 4,5 жылда 1 трлн теңгенің жартысынан астамы ғана игерілді. Демек қоныс тойын тойлағандар саны жоспардағыдан аз. Алайда бағдарламаның қорытындысын шығару әзірге ерте. Анығы, жыр болған қолжетімсіз баспана қанша қусаң да жеткізбей барады.