«СБЕР» жүйесіне нүкте қойылды

Бүгінде egov электронды үкімет порталын білмейтін адам жоқ шығар?! Мемлекеттік қызмет түрлерін үйде отырып-ақ алуға мүмкіндік беретін жүйе уақыт өте өз тиімділігін дәлелдеді. Бұған ешкім шүбә келтіре қоймас. Алайда былтыр  салаға жауапты министр Бағдат Мусин жүйені біріктіру керектігін алға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған білікті отандық IT мамандар мен қоғам белсенділері қарсы шықты.

Бірақ соған қарамастан, көрші мемлекетпен тиісті келісім жасалды. Сол кездегі Үкімет басшысы мен Сбер корпорациясы тиісті құжатқа қол қойды.  Тіпті, ол үшін еліміз 500 млн доллар қарыздануға да келісті. Алайда мөр басылып келісілген уағдаластық іске аспайтын болды. «Ескірді» делінген egov порталы бұрынғысынша жұмыс істеп тұр. 

Құжатқа сәйкес, өзге елдің цифрлық жүйесіне біз осы жылдың наурыз айына дейін өтуіміз керек еді. Бірақ геосаяси ахуалға байланысты арадағы келісім іске аспады.

Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

– Әлемдегі бар озық тәжірибені іріктеп жақсысын ғана пайдалану керек. Былтыр «Сбер» туралы әңгіме болғанда біз бірнеше рет осыны айттық. Неге сіздер «Сберді» аласыздар?! Оны Ресей Үкіметі де енгізген жоқ әлі. Оны емес, мына Оңтүстік Корея, Эстонияның тәжірибесін енгізу керек. Өйткені бұлар, шын мәнінде, арзан болып шығады.  Екіншіден, іс жүзінде дәлелденген елдер.

Әлгінде БҰҰ-ның рейтингіcі жөнінде айттық қой. Тиісті зерттеудің нәтижесі әр 2 жылда бір рет жарияланады.  Биылғы рейтинг әлі шықпады. 2018 жылы еліміз электронды үкіметтің даму көрсеткіші бойынша 36-орыннан көрінді. Ал, араға 2 жыл салып, бірден 7 сатыға ілгеріледік. 

Ал, осы egov жүйесін отандық мамандар жасады.  Әрине біз бұған қыруар қаражат жұмсадық. Бірақ, азаматтардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайттық. Енді Жаңа үкімет осыны естіді ме әйтеуір отандық ай-ти мамандардың талап-тілегі орындалды.

Асқар Жамбакин,  ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

– Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты өзіміздің басқа да тәжірибелерді қарап, өз күшімізбен жасайтын болдық. Бұл іске «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ  ат салысып, қазақстандық IT компанияларды тартады. Қазір техникалық және экономикалық сараптама жасалуда. Отандық жүйеге 2-3 жылда көшеміз. Жыл соңына дейін бірінші сервистер шыға бастайды.

Сбермен арадағы келісімнің бұзылуы бірінші кезекте отандық ай-ти мамандары үшін тиімді. Олар тапсырыс алады. Әрі Үкіметке де пайдасы бар. Өйткені Сбер жүйесіне кететін 500 млн $ шығынды айтпағанда, оны техникалық қолдау үшін жыл сайын тағы  60 млн $ қажет екен. Бұл аздай лицензияға тағы төлеу керек. Ал, отандық өнімге рұқсат алудың қажеті жоқ. Әрі кететін шығын бұдан анағұрлым аз болуы мүмкін.

Құдайберді Нупбаев, Қазақстан IT компаниялары қауымдастығының вице-президенті:

– Сбермен келісімнің бұзылуын дұрыс деп есептейміз. Өйткені кезінде Сбермен келісімшартқа біз қарсы болдық. Ресейде біздің egov  платформасындай жүйе жоқ. Біздің жүйені 6 мыңдай  бағдарламашы 4 жылда жасады. Әрі бұл жүйе аса көп шығынды қажет етпейді. Әрине, оны ұстап тұру үшін едәуір қаражат жұмсаймыз. Бірақ лицензия қажет емес. Сондықтан Қазақстан үкіметі мен отандық мамандарға да тиімді.

Отандық жүйеге қанша қаражат жұмсалары әзірге белгісіз. Анығы жыл аяғына қарай алғашқы нәтижесін көре бастаймыз. Бастысы, бұл шешім еліміз цифрлық отар елге айналады деген күмәнді сейілтті.