Париждегі сән апталығы

Франция астанасы Париждегі сән апталығында әлемдік танымал дизайнерлер бас қосты.

Шара мақсаты - көктем және жазға арналған киім топтамаларының арасынан ең үздігін таңдау. Қатысушалар арасында отандасымыз да бар. Нұржамал Нұрпейісованың қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері заманауи үлгіде көп назарына ұсынылды.  

Сән әлемінің шаһары Парижде өз топтамасын көрерменге паш ету кез келген дизайнердің арманы. Қазақстандық сәнгер Нұржамал Нұрпейісова бұл мұратына 20 жылдан кейін ғана қол жеткізді. Қазір ұлттық құндылығымызды заманауи сәнмен ұштастырып жүрген отандасымыз сән әлеміне танымал тұлғаның бірі.

Ясмин Геам, «Moi Femmes Paris» журналының журналисі:

- Сәнқой париждіктер үшін сән апталығы нағыз мереке іспеттес. Бүгін ұлттық киімдердің замануи үлгісіне куә болдық. Бұл әр ұлттың өзіне тән бір ерекшелігінінің айқын көрінісі. 

Нұржамалдың қолынан шыққан киім-кешектер, Скьяпарелли, Диор сынды танымал брендтермен қатар көрсетілді. Дизайнердің өзі ұлттық оюмен өрнектеліп, алтын жіппен көмкерілген барқыт көйлектерді тігуіме қазақтың ұлттық әні Алтынай шабыт берді дейді .

Нұржамал  Нұрпейісова, дизайнер:

- Бұл шарада өз коллекцияларымды көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Себебі мұндай мүмкіндік бәріне бірдей бұйыра бермейді. Бүгінгі сән көрсетілімі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оны көруге келгендердің де қарасы көп.

Сән апталығының ең қызықты бөлімі - жоғары сән шоулары. Онда танымал дизайнерлердің туындылары көрсетіледі. Соның бірі - Франка Сорбье. Оны француз сән сыншылары өнердің падишасы деп атайды. Шебер тіккен көйлектер өте аз көлемде шығарылады.

Фрэнк Сорбье, жоғары сән үйінің негізін қалаушы:

- Мен өз шығармашылығым арқылы сән әлемінің барлық халыққа ортақтығын жеткізгім келеді. Яғни, ұлттар мен ұлыстар алуан түрлі болғанымен, бағзы заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне қарап ұқсас белгілерді табуға болады.

Францияның сән қауымдастығы пандемия кезінде де өз жұмысын тоқтатпады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі дизайнерлерге ортақ онлайн-платформа ашты. Бұл Париж сән апталығының мүмкіндігін кеңейтіп, көрермендерінің қарасын арттыра түскен.  

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан