Ауылға баратын дәрігерге 8,5 млн теңге төленеді

Астанада оқыған Аманкелді Серік 4 ай бұрын отбасымен Петропавлға көшіп келді. Қолына диплом алған жас маман кардиологиялық орталықта жұмыс істейді.

Дәрігерге уәде етілген көтерме ақы беріліп, енді баспана мәселесі шешіліп жатыр. 

 Аманкелді Серік, дәрігер-кардиолог:

- Кардиологиялық орталықтың атынан миллион теңге көлемінде қаражат және облыстың атынан 3,5 миллион теңгеге өтініш жаздым. Және ол алдағы уақытта түседі деп айтылған. Үймен қамтамасыз етеміз деген. Осы отделениедегі науқастарды бақылап, ем-домдарын тағайындап отырамын.

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.  Қазір өңірде 150-ге жуық бос орын бар. Әсіресе, аудандарда кадр жетіспейді. Бұл ретте жергілікті билік өкілдері ауылға барып жұмыс істеймін деушілерге 8,5 млн. теңге көтермаақы беруге дайын. Оған келесі мамандар кіреді:

Еркебұлан Баязитов, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Өте қатты тапшы мамандарымыз бар. Ол тізімде жаңағыдай кардиолог, акушер – гинеколог, неонатолог, онколог деген мамандықтар болады. Ол жалпы 8 мамандық. Сол бойынша болашақта ауылдық елді мекендерге келген тек қана соларға арналған бағдарлама болады. Сол келген мамандарға 8,5 млн. теңге берілетін болады.

Биыл өңірге жұмыс істеуге 131 дәрігер мен 800 орта буынды медициналық қызметкер келді. Оның ішінде ауылға барғандарына мемлекет есебінен 180 млн. теңгеден асатын көтермеақы берілді.