Жылжымайтын мүлік салығы: жаңа ережелер кімдерге қатысты?
2027 жылы кейбір меншік иелері мүлік салығының өздеріне тиесілі барлық нысандардың жиынтық құнын ескере отырып есептелген сомасын алғаш рет көреді. Бұл – 2026 жыл үшін төленетін салық. Себебі осы жылдан бастап көпшілік біле бермейтін жаңа ереже қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды«24KZ».
Егер бір адамның жылжымайтын мүлкінің жиынтық салықтық құны 450 млн теңгеден асса, салық осы жалпы құн негізінде есептеледі. Алайда бұл ретте жылжымайтын мүліктің хабарландыру сайттарындағы нарықтық бағасына сүйенуге болмайды. Өйткені салық есептеу үшін басқа бағалау әдісі қолданылады. Қандай нысандардың құны қосылып есептелетінін, 450 млн теңгелік шекті мөлшердің қалай қолданылатынын және кімдердің салық есебін тексеруі керектігін Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрова түсіндіреді.
«Бұрын мүлік салығы әрбір нысан бойынша жеке есептелетін. Егер адамның екі пәтері болса, әрқайсысының салық салу мақсатындағы құны бөлек анықталып, тиісті мөлшерлеме қолданылатын.
Енді бір меншік иесіне тиесілі нысандардың жалпы құны да маңызды. Егер 31 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың жиынтық құны 450 млн теңгеден аспаса, салық бұрынғыдай әрбір нысан бойынша жеке есептеледі. Ал бұл шектен асқан жағдайда, салық жиынтық құн негізінде есептеледі. Бұл жерде бір адамның атына тіркелген мүлік туралы сөз болып отырғанын атап өткім келеді. Яғни отбасының барлық мүшелеріне тиесілі жылжымайтын мүлік бір адамның мүлкі ретінде қосылып есептелмейді, – деп түсіндіреді Диляра Сейтнұрова.
Сарапшының айтуынша, жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Алайда мүлік салығы салық кезеңінің қорытындысы бойынша есептеледі. Сондықтан 2026 жылы адамға тиесілі болған нысандардың құны 2027 жылы салық есептеу кезінде ескеріледі.
Салық органдары есептеуді 2027 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей жүргізуі керек. Ал 2026 жыл үшін есептелген салықты 2027 жылғы 1 қазаннан кешіктірмей төлеу қажет», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар 450 млн теңгелік шек жылжымайтын мүліктің нарықтық құнымен салыстырылмайды. Салық салу мақсатындағы құнды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайды.
Бұл – нарықтық баға емес, есептік құн. Ол пәтерді іс жүзінде сатуға болатын бағадан едәуір төмен болуы мүмкін. Құн бір шаршы метрдің базалық бағасы негізінде есептеледі. Республикалық маңызы бар қалаларда бір шаршы метрдің базалық құны 60 мың теңгені, облыс орталықтарында 36 мың теңгені, облыстық маңызы бар қалаларда 12 мың теңгені құрайды. Кенттер мен ауылдарда базалық құн бұдан да төмен. Одан кейін ғимараттың физикалық тозуы, орналасқан аумағы және айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өзгеруі ескеріліп, тиісті коэффициенттер қолданылады. Қарапайым тілмен айтқанда, нарықта 80 млн теңге тұратын пәтердің мемлекеттік бағалау бойынша құны 15–20 млн теңге болуы мүмкін. Сондықтан 450 млн теңгелік шек нарықтық бағасы 150 млн теңгеден болатын үш пәтердің құнына тең деген сөз емес. Іс жүзінде есепке алынатын нысандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, – дейді Диляра Сейтнұрова.
Сарапшының айтуынша, шекті мөлшерді анықтау кезінде бір адамның меншігіндегі пәтерлер мен тұрғын үйлердің, саяжай құрылыстарының, гараждардың, автотұрақ орындарының, өзге де ғимараттардың, құрылыстар мен үй-жайлардың салықтық құны қосылып есептеледі.
Жер учаскелерінің құны бұл жиынтыққа қосылмайды. Өйткені оларға салық салу базасы жер учаскесінің ауданына немесе жер үлесіне қарай басқа тәртіппен анықталады. Дегенмен жер учаскелері де жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтың объектілеріне жатады.
Егер нысандардың жиынтық салықтық құны 450 млн теңгеден асса,салық сомасы 2 946 600 теңгені және шекті мөлшерден асқан бөліктің 2 пайызын құрайды.
Мысалы, бір адамның есепке алынатын барлық нысандарының салықтық құны 500 млн теңге болсын. Бұл жағдайда шектен асқан сома 50 млн теңгені құрайды. Оның 2 пайызы – 1 млн теңге. Осы соманы белгіленген 2 946 600 теңгеге қоссақ, жылдық салық мөлшері 3 946 600 теңге болады.
Ол салықтың түпкілікті сомасы өңірге қарай өзгеруі мүмкін екенін де атап өтті. Тұрғын үйлер мен саяжай нысандарын бағалау кезінде базалық коэффициент 1-ге тең. Жергілікті мәслихаттар оны 50 пайыздан асырмай көтере алады, яғни коэффициентті 1,5-ке дейін ұлғайтуға құқылы.
Мұндай шешім алдын ала қабылданып, келесі жылдың басынан бастап күшіне енеді. Сондықтан әртүрлі қалалардағы ұқсас жылжымайтын мүлік үшін төленетін салық мөлшері де өзгеше болуы мүмкін.
Салықтық бағалау құнын өз бетінше анықтау оңай емес. Оны білу үшін жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органына жүгінуге болады.
Сөз соңында Диляра Сейтнұрова азаматтарға мынадай кеңес береді:
Егер сіздің бір ғана пәтеріңіз болса, арнайы әрекет етудің қажеті жоқ, бұл өзгеріс сізге қатысты емес. Ал бірнеше нысаныңыз болса және олардың құны жоғары болса, жиынтық салықтық құнын алдын ала есептеп алған жөн. Нарықтық бағаға емес, мемлекеттік бағалау құнына сүйеніңіз. Әр нысанның құнын жеке анықтауға болады. Осылайша жалпы сома 450 млн теңгелік шекке жақындап қалған-қалмағанын түсінесіз.
Жаңа ережелер бойынша салық хабарламасы 2027 жылы, яғни 2026 жыл үшін жіберіледі. Хабарлама келген кезде көрсетілген соманы мұқият тексеріңіз. Меншігіңіздегі нысандардың дұрыс есепке алынғанына және олардың бағалау құны негізсіз көтерілмегеніне көз жеткізіңіз. Салық есептеуде қателіктер болуы мүмкін, сондықтан оларды мүмкіндігінше ертерек анықтап, даулаған дұрыс.