Сарапшы: автокредиттерге берілген жеңілдік проблемалық қарыздарды көбейтуі мүмкін
Ұлттық банктің автокредиттерге қатысты борыштық жүктеме коэффициентін қолданбау мерзімін 2027 жылдың соңына дейін ұзартуы проблемалық қарыздардың көбеюіне әсер етуі мүмкін. Ал тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі қарыздарға берілген жеңілдіктің мерзімін ұзарту ипотекалық портфель сапасына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «24KZ».
2025 жылы Қазақстандағы автокредиттер портфелі 42,4%-ға өсіп, 4 трлн теңгеге жетті. Ал мерзімі өткен берешек көлемі шамамен 240 млрд теңгені құрады. Осындай жағдайда автокредиттердің жекелеген түрлеріне қатысты борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) қолдану талабынан босату мерзімі тағы бір жылға ұзартылды.
БЖК қарыз алушы табысының қандай бөлігі кредит төлемдеріне жұмсалатынын көрсетеді. Қолданыстағы талап бойынша ай сайынғы кредит төлемдері адамның табысының 50%-ынан аспауы тиіс. Дегенмен жаңа автокөліктерге берілетін кредиттерге, сондай-ақ бастапқы жарнасы белгіленген талаптарға сай келетін кейбір пайдаланылған көліктерге бұл шектеу қолданылмайды.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі аясында берілетін қарыздар бұл талаптан босатылған. Осы ерекшеліктің қолданылу мерзімі тағы үш жылға ұзартылды. Сонымен қатар БЖК талабы жаңа автокөліктерге берілетін кредиттерге, сондай-ақ бастапқы жарна бойынша белгілі бір шарттар сақталған жағдайда пайдаланылған автокөліктерге берілетін жекелеген кредиттерге қолданылмайды.
Пайдаланылған автокөліктер үшін бастапқы жарна кемінде 50%, ал пайдаланылғанына үш жыл толмаған автокөліктер үшін кемінде 30% болуы тиіс. Автокредиттерді БЖК талабынан босату 2026 жылдың соңына дейін қолданылған еді, енді бұл мерзім тағы бір жылға ұзартылды, – деп түсіндіреді Әйгерім Ілиясова.
Сарапшының айтуынша, бұл шешім тұрғын үй және автокредит беру көлемінің күрт төмендеуіне жол бермеуге бағытталған. Алайда екі бағыттағы тәуекел деңгейі әртүрлі. Мәселен, ипотекалық кредиттеу нарығында халықтың төлем қабілеті мен жылжымайтын мүлік бағасы негізгі шектеуші фактор болып отыр. Бұған қоса, ипотекалық кредиттердің шамамен 70%-ы Отбасы банк пен мемлекеттік бағдарламалардың үлесіне тиесілі.
Биыл тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қатысты заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Бұған дейін бұл бағытта негізінен мамандандырылған Отбасы банк жұмыс істесе, енді әмбебап лицензиясы бар екінші деңгейлі банктерге де жүйеге қатысу мүмкіндігі берілген.
Бұған дейін тұрғын үй құрылыс жинақтары (ТҚЖ) жүйесінде тек мамандандырылған Отбасы банк жұмыс істеді, – дейді Ілиясова. – Ресми түрде бұл жүйе екінші деңгейлі банктер үшін толық жабық болған жоқ, бірақ оған қатысу үшін жеке лицензия қажет еді. Банк заңнамасына енгізілген өзгерістерден кейін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне мамандандырылған банктер ғана емес, әмбебап лицензия негізінде екінші деңгейлі банктер де қатыса алатыны нақты бекітілді.
Қаржыгер ипотекалық кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек деңгейінің салыстырмалы түрде төмен екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұған тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің ерекшелігі әсер етеді. Өйткені азаматтар алдымен қаражат жинап, содан кейін ғана қарыз рәсімдей алады. Бұл өз кезегінде қаржылық тәртіпті қалыптастырады.
Шынында да, Ұлттық банк деректеріне сәйкес, ипотекалық портфельдегі мерзімі өткен берешектің үлесі 2–3%-ды құрайды. Кепілмен қамтамасыз етілген кредиттер үшін бұл қисынды көрсеткіш.
Менің ойымша, БЖК бойынша ерекшеліктің мерзімін ұзарту ипотекалық портфельдің сапасын айтарлықтай нашарлатпауы тиіс. Оның үстіне бұл шараның әлеуметтік маңызы бар. Өйткені тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бүгінде баспаналы болудың ең қолжетімді әрі тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді, – деп есептейді сарапшы.
Ал автокредиттеу нарығындағы жағдай өзгеше. Кредит портфелінің жылдам өсуімен қатар, проблемалық қарыздардың да үлесі артып отыр. Ұлттық банк деректерінде үшінші сатыдағы кредиттер көлемінің ұлғайғаны байқалады. Бұл – құнсыздану белгілері бар және қайтарылмау қаупі жоғары қарыздар.
Үшінші сатыдағы автокредиттердің үлесі 5,7%-ға жетті. Бұл көрсеткіш кепілсіз тұтынушылық қарыздар деңгейімен шамалас, ал теориялық тұрғыдан одан төмен болуы тиіс. Проблемалық автокредиттер үлесінің өсуі және жалпы портфель көлемінің айтарлықтай ұлғаюы белгілі бір алаңдаушылық туғызады, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, ипотекамен салыстырғанда автокредит рәсімдеу әлдеқайда жеңіл әрі жылдам. Азаматтар көлік сатып алу кезінде кредитті тікелей автосалонда рәсімдей алады. Бұған қоса, жеңілдетілген бағдарламалар мен автодилерлердің бастапқы жарнасы төмен ұсыныстары сұранысты арттырып отыр.
Алайда қаржыгер көлік сатып алғанда азаматтар тек банк алдындағы міндеттемені ғана емес, оны күтіп ұстауға кететін шығындарды да ескеруі қажет екенін айтады.
Автокөлікті күтіп ұстау қосымша шығындарды талап етеді. Олардың қатарында жанармай, шиналар сатып алу, техникалық қызмет көрсету, сақтандыру және көлік салығы бар. Кредиттің жоғары пайыздық мөлшерлемесімен бірге мұның бәрі отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Сонымен қатар қарызды өтеу кезеңінде автокөлік әдетте құнын жоғалтады, – деп түсіндіреді ол.
Бұдан бөлек, автокөлік автокредит бойынша кепіл нысанасы болып саналады. Егер қарыз алушы төлемді уақытында өтей алмаса, банк заңнамада көзделген тәртіппен кепілдегі мүлікті сатуға құқылы. Бірақ көлік құнының төмендеуі салдарынан оны сатудан түскен қаражат қарызды толық жабуға жетпеуі мүмкін.
Қарыз алушы төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда банк берешекті реттеу шараларын қабылдағаннан кейін кепілдегі мүлікті соттан тыс немесе сот тәртібімен сатады. Алайда сол уақытқа қарай автокөліктің құны өтелмеген қарыз қалдығынан төмен болуы мүмкін.
Осыған байланысты автокредит беру талаптарын жеңілдету маған толық негізделген шешім болып көрінбейді және проблемалық кредиттер портфелінің өсуіне әкелуі мүмкін, – деп толықтырады Әйгерім Ілиясова.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда халықтың кредит алу деңгейі шекті межеге жетті деуге негіз жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, негізгі мәселе – қарыздардың жалпы көлемінен гөрі, олардың құрылымында.
Халықтың шамадан тыс кредитке батқанын айту – даулы мәселе, – дейді сарапшы. – Халыққа берілген кредиттер көрсеткіштері шекті деңгейде емес. Олар көрші елдердің көрсеткіштерімен шамалас әрі көптеген дамыған елдерге қарағанда төмен. Алайда бөлшек кредит портфелінің құрылымы алаңдатады. Халыққа берілген шамамен 25 трлн теңге кредиттің 17 трлн теңгеге жуығы тұтынушылық қарыздарға тиесілі.
Қаржыгердің пікірінше, тұтынушылық кредиттердің басым бөлігі актив немесе қымбат мүлік сатып алуға емес, күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жұмсалады. Сондықтан мұндай қарыздарға борыштық жүктеме коэффициентін қолдану талабын сақтау маңызды.
Сарапшы тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі қарыздарға жеңілдік беруді әлеуметтік тұрғыдан орынды деп санайды. Ал автокредиттер бойынша талаптарды жеңілдету қаржылық тәуекелдерді күшейтуі мүмкін.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі қарыздардың әлеуметтік қызметін ескерсек, оларды БЖК талабынан босату орынды. Ал автокредиттер жағдайында мұндай жеңілдік белгілі бір тәуекелдер туғызады. Сондықтан Ұлттық банк 2027 жыл бойы кредит нарығына мониторинг жүргізуді жалғастыратынын арнайы атап өтті. Жүйелік тәуекелдер күшейген жағдайда халықтың борыштық жүктемесін ескере отырып, қосымша шаралар енгізілуі мүмкін, – деп қорытындылайды Әйгерім Ілиясова.