Елдегі құрылыс саласын билеп-төстеп алған алпауыт компаниялардың басында кім тұр? І Күн тәртібі І

Оларға ешкім тіс батыра алмай отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы осылай ашына сөйлеген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлгі дөкейлер маңына ешкімді жуытпайды. Мемлекеттен түсетін тапсырысты өздері алады. Бұларға тоқтау салатын құдірет болмай отыр. Құрылыс саласында жүргендердің қай-қайсысынан сұрасаңыз да осыны айтады. Бірақ нақты қай компания дегенде «кібіртіктеп» қалады. Бәлкім басыма бәле болар деп бойын аулақ ұстайтын шығар. Қаражатты қап-қабымен қылғытып жатқан әлгі алпауыттар шетінен еншілес компанияларды құрып тастаған. Тапсырыс алып, бөлінген қаржының көбін қалтаға басады, қалғанын әлгі ұсақ мекемелерге таратып береді. Нарыққа енді ғана бас сұққан компаниялар үйді жүрдім-бардым тұрғыза салады. Осыдан барып қабырғасы қақыраған, іргетасы шатқаяқтап тұрған үйлерді көреміз. Жанын шүберекке түйіп мыңдаған отбасы әлгіндей баспанада тұрып жатыр.

– Саланы жегі құрттай жеп жатқан тағы не бар?

– Бюджеттік үйлер неге сапасыз салынады?

– Құрылыс материалдары тағы қымбаттай ма?

– Нарықты билеп-төстеп алған кімдер? – деген сауалдар арқылы «Күн тәрітібінде» құрылыстағы құрықсыз былықтар талқыланды.  

Спикерлер: Байғұтты Тортай – ҚР сәулетшілер одағының мүшесі, сәулетші, Дүйсен Сақи – техника ғылымдарының докторы, құрылыс профессоры, Ұлан Әшімханұлы – құрылыс саласындағы практик маман, Бауыржан Мұқанов – экономист.