Отандық спорт тарихының жаңа парағы ашылды
Италияның Милан қаласынан тікелей эфирдеміз. Мұнда Олимпиада ойындары жалғасып жатыр. Және бірер күн бұрын Қазақстан спорты үшін тарихи оқиға орын алды. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, отандық спорт тарихының жаңа парағын ашты. Бұл — еліміз үшін үлкен жетістік. Осылайша, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың алтын жүлдесі қоржынымызға түсті.
Жалпы Қысқы Олимпиада ойындарында тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай есептесек, арада 32 жыл өтіпті. Ең соңғы рет 1994 жылы шаңғы жарысынан Владимир Смирнов алтын медаль жеңіп алған болатын. Содан бергі ұзақ үзілістен кейін Михаил Шайдоров бізді қайтадан сондай керемет эмоцияға бөледі. Көк туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Біз де осы жарыстың басы-қасында болып, бәрін өз көзімізбен көріп, ерекше сезімге бөлендік.