Михаил Шайдоров Универсиадаға барады
Грек-рим күресінен Таиландттың Сирача қаласында жастар арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Бүгін Қазақ елінің палуандарына 2 алтын медаль бұйырды. 71 келі салмақта Марлен Төлеш пен ең ауыр салмақта Арыстан Темірғали қарсылас шыдатпай жеңіс тұғырынан көрінді. Бұған дейін Еркебұлан Анапия мен Данияр Қанағатбек чемпион атанған болатын, деп хабарлайды 24KZ.
Шайдоров Универсиадаға барады
Қысқы олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров араға біраз үзіліс салып үлкен жарыстарға қайта оралмақшы. Мәнерлеп сырғанаушы өзі білім алатын Қазақтың спорт және туризм академиясында студенттермен және оқу орны басшыларымен жүздесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Михаилдың ендігі мақсаты – Универсиада шыңын бағындыру. Сондықтан қаңтар айында Қытайда өтетін дүниежүзілік студенттер додасында бақ сынап көрсем деп отыр. Төртжылдықтың басты додасында Қазақстан қоржынына тарихи алтын медаль салған Михаил Шайдоровқа академия президенті Қайрат Закирьянов спорттағы жетістігі үшін арнайы жасалған орденді салтанатты түрде табыс етті.
Джиу-джитсу шеберлері олжалы оралды
Жақында ғана Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан дүниежүзілік жарыс өтті. Әртүрлі санатта және бірнеше салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен кіл мықтылардың арасында Қазақ елінің де жігерлі жігіттері бар еді. Жерлестеріміз бес алтын, үш күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізіп, Араб елінен абыроймен қайтты. Бағдат Дүйсенов пен Берік Иманбаев, Қасым Әнуарбек пен Медет Қанафин және Асылбек Смайыловтар әлем чемпионы атанса, Әзім Әбдеркенов пен Қалқаман Еркінбаев, сондай-ақ Ердәулет Марданбаевтар күміс, ал Михаил Приятнов қоланы қанағат тұтты. Жалпы қазақ ұлдары жекпе-жек өнерінің кез келген түрін жетік меңгеріп алған. Джиу-джитсудың да жілігін шағып, майын ішеді. Бұл спорт түрі күш пен қайратты ғана емес, ақыл мен айланы, төзім мен табандылықты талап етеді. Яғни қандай да бір биікті бағындыру үшін тек қана дене дайындығы жеткіліксіз. Әрбір әдістің қыр-сырына терең бойлап, шүмектеп тер төгуге тура келеді. Міне, Қазақ елінің білекті де жүректі жігіттері ерен еңбектерінің арқасында ел абыройын асқақтатып, көк туымызды биіктен желбіретіп қайтты. Айтпақшы, жеңімпаздар арасында Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері де бар. Спорт пен еңбекті қатар өрген азаматтардың ерлігі тек әріптестеріне ғана емес, өскелең ұрпаққа да үлгі болары анық.
«Майамиге» қара бұлт төніп тұр
МЛС лигасының плей-офф кезеңі басталды. Өткен маусымның жеңімпазы Интер Майами өз алаңында күтпеген жерден Коламбустан ойсырай ұтылды. Жергілікті жанкүйерлер Мессиден үміт күтіп еді. Аргентиналық аяқдопшы аянып қалған жоқ. Бірақ бұл күні қонақтардың қақпашысы Патрик Шультеден айласын асыра алмады. Есепті пенальтиден Гансало Тапия ашқан болатын. Ойынның 36-шы минутында Гансало Лухан алаңнан қуылып, Майамидың хәлі мүшкіл тартты. Екінші таймда Таха Хабрун мен Тапия бір-бір голдан соғып есепті 3:0-ге жеткізді. Ал қақпашы Шульте шеберлігінің арқасында қонақтар судан құрғақ шықты. Енді қарымта ойын жұма күні Коламбустың алаңында өтеді.