Астана әуежайы миллиардтаған шығынға батқанын мәлімдеді
Астана халықаралық әуежайының басшылығы өткен жылғы миллиардтаған шығындары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ» әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ 6,9 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшырады, жыл соңындағы жинақталып жабылмаған шығыны 36 миллиард теңгеге жетті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаржылық көрсеткіштердің нашарлауына бірқатар сыртқы және өндірістік факторлар кері әсер етті. Атап айтқанда, күндізгі уақытта ұшу-қону жолағының жұмысын шектей отырып жүргізілген жөндеу жұмыстары, авиациялық керосин құнының өсуі және Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты халықаралық рейстердің бір бөлігінің тоқтатылуы салдарынан шамамен 1,1 мың рейс орындалмай қалды. Бұл ретте жалпы жиынтық кіріс 4 миллиард теңгені құрады.
Дегенмен, туындаған қиындықтарға қарамастан, биыл әуежайдың өндірістік және коммерциялық көрсеткіштерінен оң динамика байқалады. Мәселен, 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Астана халықаралық әуежайы 5,4 миллион жолаушыға қызмет көрсетіп, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға артты. Осы жеті айда ішкі рейстер саны 2%-ға, ал халықаралық рейстер 3%-дан астам өскен. Ең елеулі өсім жүк және пошта өңдеу сегментінде тіркеліп, көлем 20%-дан астам артық орындалды. Сондай-ақ авиациядан тыс қызметтерден түскен кіріс 2026 жылдың қаңтар–маусымында 7,2 миллиард теңгені құрап, 24%-дық өсім көрсетті.
Қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін әуежайдың акционері – Астана қаласының әкімдігі басшылықпен бірлесіп дағдарысқа қарсы шараларды жалғастыруда. Бағдарлама көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнын оңтайландыруды, тарифтердің экономикалық негізділігін бағалауды, операциялық тиімділікті арттыруды және ішкі резервтерді тиімді пайдалануды көздейді. Бұл қадамдар кәсіпорынның қызметін шығынсыз жұмыс істеу деңгейіне шығарып, одан әрі тұрақты дамуына берік негіз қаламақ,- делінген хабарламада.