Әкімшілік әділет саласы кеңейді
Бүгінде инвестициялық даулар бойынша сот шешімдерінің шамамен 80 пайызы инвесторлардың пайдасына шығарылуда. Бұл жайында жақында Әкімшілік әділеттің құқық үстемдігін нығайтудағы рөлі халықаралық форумында Президент мәлімдеген еді. Әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі мемлекеттік орган мен азаматтың, кәсіпкердің арасындағы дауда тепе-теңдік орнатуға мүмкіндік берді. Заманауи экономикада бәсекелестік тек нарықта емес, сенім мен құқықтық кепілдіктер алаңында да жүреді. Қазақстан осы бағыттағы реформаларды жалғастыра отырып, ашық әрі болжамды құқықтық орта қалыптастыруға ұмтылып келеді. Ілкімді өзгерістер, әрине, бірінші кезекте инвестициялық климатқа әсер етеді. Себебі қалталы азамат үшін салықтық жеңілдіктерден бұрын ең әуелі оның құқығының қорғалуы, даулы мәселенің әділ шешілуі маңызды.