Әлеуметтік жауапкершілік – кәсіпкер келбеті
Солтүстік Қазақстан облысында шаруалар өндіріске заманауи технологияларды енгізіп, өнім көлемін арттырып жатыр. Соның бір мысалы – Геннадий Зенченконың агрокешені. Алып фермада сиыр сауатын автоматтандырылған жүйе мен малдың жай-күйін онлайн бақылайтын құрылғының бәрі бар. Шаруа кәсібін кеңейтіп, жұмыс орындарын ашып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үлес қосып жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – еліміздегі ірі сүт-тауарлы фермаларының бірі. Алдағы уақытта мұнда ірі қара басын 9 мыңға жеткізу жоспарланған. Өндірісте жасанды интеллект элементтері бар заманауи цифрлық технологиялар қолданылады.
Анна Панкова, «Зенченко және компания» КТ мал шаруашылығы жөніндегі директордың орынбасары:
– Әр сиырдың құлағында арнайы белгісі бар. Антенналар арқылы барлық мәлімет автоматты түрде оқылады. Енді қағазбен жүріп, есеп жүргізудің қажеті жоқ. Қай сиырдың қашан суалтылатынын, қайсысының ұрықтандыру кезеңінде екенін компьютерден нақты көре аламыз.
Цифрлық технологиялар өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Былтыр мұнда 53 мың тонна сүт өндірілсе, биыл тағы 10 мың тоннаға өскен. Кәсіпорынның жеке сүт өңдеу зауыты да бар. Кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко мемлекеттік қолдаудың маңызын атап өтті.
Геннадий Зенченко, Қазақстанның Еңбек ері:
– Әр гектардан алынатын өнім де, сүт өндірісі де артты. Мұны қазір өзіміз көріп отырмыз. Мемлекет басшысы бізге шикізат өндірумен шектелмей, терең өңдеуге көшу міндетін қойып отыр. Енді тек сүт, айран, қаймақ қана емес, құрғақ сүт сияқты өнімдерді шығаруды да қолға алуымыз керек. Осындай жеріміз бен мемлекеттік бағдарламаларымыз барда, халқымызды шетелдік өніммен қамтамасыз ету ұят деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында саланы кешенді дамыту мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін көтерді. Президент аграрлық кәсіпорындар өндірісті дамытумен қатар, ауыл тұрғындарының өмір сапасына да көңіл бөлу керектігін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар Новоникольское ауылында сәтті жүзеге асып жатыр.
Елена Ярикова, Новоникольское ауылының тұрғыны:
– Өндірістің тұрақты дамуының арқасында ауылымызда өмір сүруге, білім алуға, спортпен айналысуға және мәдени тұрғыда дамуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан еліміздің өзге өңірлерінен де адамдар біздің ауылға жұмыс істеуге келуге ниетті.
Мемлекеттік бағдарламалар шаруалардың қаржы тапшылығын шешуге көмектесіп отыр. Енді олар қажетті қаражатты алдын ала алып, егіс науқанына уақытылы дайындала алады. Бұл мәселе форумда да талқыланды.
Геннадий Зенченко, Қазақстанның Еңбек ері:
– Президент нақты міндеттер қойып отыр. Оларды жүзеге асыруға арнайы бағдарламалар бар. Сондықтан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, жақсы нәтиже көрсетуіміз керек.
Алдағы уақытта шаруашылық өндіріс көлемін арттырып, өнімді терең өңдеуді жалғастырмақ. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізіп, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау көзделген. Мұның бәрі аграрлық саланың тұрақты дамуына бағытталған.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков