Жігерлі жүрек. Нұркен Бектасов: «Бейбіт өмір де мен үшін майдан»
Оның әдебиетке жаны құмар. Студент кезінде рэп жанрында өлең жазған Нұркен өз шығармасын өзі орындайды. Көбіне патриоттық тақырыпқа қалам тербейді.
Сал ауруына шалдыққанына қарамастан білімге құштар жігіт көп ізденеді. Әңгіме де жазады. Бір кездері «Аяқталмай қалған жыр» атты туындысы «Жаншуақ» бәйгесінің жүлделі 1-орынын иеленді. Нұркеннің шетел әдебиетінен аударған ертегілері «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек» республикалық балалар журналдарында жарық көрген. Болашақта аудармалары мен әңгімелерін, өлеңдерін жинап кітап шығарсам дейді. «Оқу-білімге қоларба кедергі емес. Тек адамның талпынысы мен ниеті болса жетіп жатыр. Өз туындыларым арқылы балалар тәрбиесіне үлес қосқым келеді. Тал бесіктегі тәрбиені түзеу менің басты мақсатым», – дейді бүгінгі шығарылым кейіпкері.