Түркістан облысында жаңа демалыс аймағы салынып жатыр

Фото: depositphotos.com

Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытында жаңа әрі ауқымды жоба қолға алынды. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көркем тау бөктерінде заманауи капсулалық демалыс орындары алғаш рет бой көтеруде, деп хабарлайды «24KZ».

Қазіргі таңда «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайтын жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға және келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жоба аясында демалыс аймағы бір мезетте 200-ден астам туристі қабылдай алады. Сонымен қатар, ай сайын шамамен 20 мыңға жуық келушіге қызмет көрсету жоспарланып отыр. Бұл бастама ішкі және кіру туризмін дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік жасайды.

Инвестор тарапынан инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл өз кезегінде аталған аумақта кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашады.

Жалпы, «Хантау» демалыс аймағы табиғат аясында сапалы әрі заманауи демалыс ұсынатын бірегей орынға айналып, өңір туризмінің жаңа орталығы болмақ.