Қазақстанда электромобильдер нөмірінің түсі өзгеруі мүмкін
Қазақстанда электромобильдерге арналған мемлекеттік нөмірлерді түсін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Олар алдағы уақытта жасыл түспен жасалуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Арман Қалыков техникалық бақылау құралдары кейде электромобильдерді кәдімгі көліктерден ажырата алмайтынын атап өтті. Бұл мәселе әсіресе ақылы тұрақтарда, зарядтау стансалары бар аумақтарда, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аймақтарға кіру кезінде туындайды. Сонымен қатар, жол-патрульдік полиция инспекторлары үшін де электромобильдерді жедел анықтау қиындық тудырады.
Осыған байланысты депутат электромобильдерге арналған мемлекеттік нөмірлерге арнайы түс енгізуді ұсынды.
Бастаманы Қазақстан Ішкі істер министрлігі қолдады.
«Әлемдік тәжірибеде мұндай нөмірлер жасыл түспен белгіленеді. Сондықтан бұл мәселені біз де қолдаймыз, қарастырамыз . Заң қабылданғаннан кейін тиісті ережелер бекітіліп, ел бойынша енгізіледі», — деді вице-министр Санжар Әділов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 21 мыңнан астам электромобиль тіркелген.