Сарбаздарға смартфон беріліп, мәзірге «швед үстелі» мен қазы-қарта қосылды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанның Қарулы Күштерінде сарбаздардың күнделікті өміріне айтарлықтай өзгерістер енгізілуде. Енді мерзімді әскери қызметшілерге туыстарымен байланыс орнату үшін смартфондарды күнделікті қолдануға ресми түрде рұқсат берілді. Бұл жайында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Бұған дейін сарбаздар ұялы телефондарын тек демалыс күндері - сенбі және жексенбіде ғана пайдалана алатын. Бұл шешім Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес армиядағы ашықтық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында қабылданып отыр.

Бұл қадам әскери бөлімдердегі ахуалды ата-аналар мен қоғамның тікелей бақылауына мүмкіндік береді. Күнделікті бейнеқоңыраулар мен хабарламалар сарбаздардың психологиялық жағдайын жақсартып, әскердегі заңсыз әрекеттердің алдын алуға септігін тигізбек.

Сонымен қатар, Қарулы Күштерде сарбаздардың ас мәзірі түбегейлі жаңартылуда. Қазіргі уақытта бірнеше әскери бөлімде «швед үстелі» жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Жаңа формат бойынша сарбаздарға 3-4 түрлі бірінші және екінші тағамдар ұсынылады, бұл әркімнің өз талғамына қарай тамақтануына жағдай жасайды. Ерекше айта кететін жайт, әскерилердің дастарханына қазы-қарта, бауырсақ секілді ұлттық тағамдар да қосыла бастады. Егер бұл жоба тиімділігін көрсетсе, жақын арада еліміздегі барлық әскери бөлімдер осы жүйеге көшірілетін болады.