Алматыда «Батыр» президенттік полкінің сарбаздары ант берді
Алматыда «Батыр» президенттік полкінің мерзімді әскери қызмет сарбаздары ант берді. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткен рәсімге Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері, жас сарбаздардың ата-анасы мен жақындары қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Элиталы әскери қызметке күзгі шақырылым кезінде елдің түкпір-түкпірінен 90-ға жуық сарбаз іріктелді. Олардың төрттен бірі – спорт шеберіне үміткерлер. Қызметке денсаулығы мықты, бойы 180 сантиметрден асатын бозбалалар қабылданды. «Отан алдындағы борышын Мемлекеттік күзет қызметі қатарында атқару жас сарбаз үшін абырой, әрі мол тәжірибе мектебі», – дейді офицерлер. Салтанатты шарада арнайы әскери бөлім сарбаздары жауынгерлік шеберлігін көрсетті.
Ерсұлтан Сәду, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицері:
– Бұл – әрбір жас сарбаздың өміріндегі ең маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Себебі әскери ант қабылдау – Отан алдындағы борышын сезіну, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, адал қызмет етуге, мемлекеттің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға берілетін қасиетті серт.
Бексұлтан Мұратқажы, қатардағы жауынгер:
– Осы уақыт ішінде біз әскери тәртіпке бейімделіп, жауапкершілігімізді арттырып, дене дайындығымызды жетілдіріп жатырмыз. Әскери бөлімдегі офицерлер мен сержанттар бізге өздерінің білген-түйгендерін үйретіп, әскери тәртіпке баулуда. Сонымен қатар әрбір сарбаздың өзін-өзі дамытуына да көптеген жағдай жасалған.