Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне дайындық күшейтілді

Фото: gov.kz

Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күштік құрылымдардың дайындығы тексерілді, деп хабарлайды «24KZ».

Осыған байланысты қалада ауқымды гарнизондық саптық жиын өтті. Іс-шараға полиция қызметкерлері, құқық қорғау және арнайы құрылым өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүретін қызметтік көліктер жұмылдырылды.

Жиынға ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов бастаған полиция басшылығы қатысты. Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров халықаралық деңгейдегі шараны қауіпсіз өткізу үшін барлық қызметтің дайындығын пысықтады.

Саптық тексеру барысында қызметкерлердің сыртқы келбеті, тәртібі, арнайы құрал-жабдықтары мен қызметтік көліктердің техникалық жағдайы бақылаудан өтті.

Облыстың бас полицейі Арыстанғани Заппаров қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында тәртіп пен жауапкершіліктің маңызы жоғары екенін атап өтті.

 - Халықаралық саммиттің қауіпсіз әрі тыныш өтуі үшін әрқайсыңыз өздеріңізге жүктелген міндетті мінсіз орындауларыңыз қажет. Бұл қызметте ұқыптылық, тәртіп пен заң талаптарын сақтау - басты қағида, - деді облыстың бас полицейі Арыстанғани Заппаров.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында жаяу және автопатрульдер саны көбейтіліп, орталық көшелер мен іс-шара өтетін аймақтар тәулік бойы бақылауға алынған. Қауіпсіздік бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығы арқылы қадағаланып отыр.