Емханаға барған қызметкердің жалақысы сақталады
Қазақстанда жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң қабылданды. Сенат мақұлдаған құжатқа сәйкес, енді қызметкерлер медициналық скринингтен өткен кезде жалақысынан айырылмайды. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа норма бойынша жұмыс беруші қызметкерді профилактикалық тексеруден өту үшін орташа жалақысы сақталған күйде үш күнге дейін босатуға міндетті. Депутаттың айтуынша, бұған дейін көп адам табысынан айырылып қалмау үшін скринингтен өтуді кейінге қалдырып келген.
Енді азаматтарға eGov немесе SMS арқылы тексерілу уақыты келгені туралы хабарлама жіберіледі. Ал жұмыс беруші қызметкердің скринингке баруына жағдай жасауға тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, жауапкершілік қарастырылады.
Сонымен қатар заңда ауысым алдындағы медициналық тексеру уақыты да ресми түрде жұмыс уақытына енгізілді. Бұған дейін жүргізушілер мен өндіріс қызметкерлері тексеру үшін кезекте тұрғанымен, бұл уақыт төленбейтін.
Жаңа өзгерістер еңбек шартын өзгерту, жұмыстан шығару тәртібі және қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін де қамтиды. Енді жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығармас бұрын оның әрекетінің ауырлығын, жағдайын және өкінішін ескеруге міндетті.
Сондай-ақ қызметкер аурухана парағында жүрген кезде еңбек шартының мерзімі аяқталса, оны бірден жұмыстан шығару мүмкін болмайды. Шарт еңбекке жарамсыздық кезеңі аяқталғанға дейін ұзартылады.
Заңда техникалық инспекторлардың құқықтары да нақты бекітілді. Олар өндіріс орындарын тексеріп, құжаттарды қарап, жазатайым оқиғаларды тергеуге қатыса алады.